Скринингтен өту үшін үш күндік демалыс бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Скринингтен өту үшін үш күндік демалыс бар

20.09.2024

Жұмысыңыздан үш күн демалыс алып, денсаулығыңызды тексеріп алыңыз. Жалақыдан қағыламын деп қорықпаңыз. Кез келген қазақстандық жұмыс берушіден скринингтен өту үшін әлеуметтік демалыс алуға құқылы. Және де мұның еңбек демалысына еш қатысы жоқ. Егжей-тегжейін әріптесім Қаракөз Тұрмағанбет түсіндірсін.

Қазақстандықтар скринингтен өту үшін үш күндік демалыс ала алады. Денсаулық жайын бақылауға берілетін демалыстың еңбек демалысына еш қатысы жоқ.

Жұмысшының бұл құқығы Еңбек кодексінің 87-бабы, 1-тармағының 2-тармақшасында көрсетілген.

Әлеуметтік демалыс жұмысшыға жылына бір рет беріледі. Және ол үш жұмыс күнінен аспауға тиіс. Осы ретте «демалыс аламын деп жүріп, жалақыдан қағылмаймын ба?» деген сауал мазалайтын болар.

Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 26-1-тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыс орныңызды, лауазымыңызды, жалақыңызды сақтай отыра, сізге скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беруге міндетті екенін біле жүріңіз.

Демалыстың рәсімделу тәртібіне сюжет соңында тоқталамын. Алдымен, скринингтен кім және қашан өтуі керек екенін айқындап алайық.

Қазақстандықтар үшін елімізде онкоскринингтің үш түрі бар. Сүт безі қатерлі ісігінің бар-жоғын анықтау тобына 40-тан 70 жасқа дейінгі әйелдер кіреді. Олар бұл скринингті 2 жылда 1 рет өткені жөн. Жатыр мойны қатерлі ісігіне қатысты жай-күйін анықтау мақсатында 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда 1 рет скринингтен өткені абзал. Аты жаман аурулардың тағы бір түрі - колоректальды, яғни тоқ ішек қатерлі ісігі. 50 мен 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер 2 жылда 1 рет скринингтен өтіп, денсаулығына бір мезгіл көңіл бөлсе игі.

Сондай-ақ артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы сияқты қан айналымы жүйесінің негізгі аурулары, қант диабеті, глаукома, созылмалы В және С гепатиті бойынша скринингтер де бар екенін айта кетейік.

Жоғарыда айтылған топтарға жатсаңыз және осы тексерулерден өтпеген болсаңыз, жұмыс берушіңізге үш күндік әлеуметтік демалыс алуға өтініш жазыңыз.

Бұйрық шығып, демалыс алған соң, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша емханаға барыңыз. Медициналық-санитарлық көмек көрсететін кез келген ұйымда скринингтік кабинеттер бар. Тек жеке куәлігіңізді ала шығуды ұмытпаңыз.

Бір қызығы, скринингтен өткен соң, зерттеулерді растайтын құжаттарды қызметкер өз еркімен көрсетуіне болады, яғни заңмен міндеттелмеген. Десе де денсаулыққа көңіл бөлуге берілетін үш-ақ күндік демалысты мақсатқа сай қолданғанымыз өзімізге жақсы. Себебі денсаулық ең әуелі өзімізге керек.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу