Қарағанды облысында тіршілік нәрінен тарыққан ауылға ауыз су беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында тіршілік нәрінен тарыққан ауылға ауыз су беріледі

20.09.2024

30 жыл бойы тіршілік нәрінен тарыққан ауылға ауыз су беріледі. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Астаховка ауылының тұрғындары жылдар бойы суды құдықтан тасып ішіп келді. Енді «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталуы тиіс.

Жандос Бақытұлы, тілші:

Су тасу Астаховка ауылы тұрғындарының күнделікті жұмысына айналған. 30 жылдан бері ауылда ауыз су атымен жоқ. Сондықтан ауыл іргесіндегі бұлақтан тасып ішуге мәжбүр.

Амангелді Әрінов – күніге иін ағашын мойнына асып, үйіне су тасиды. Бұлақ ауылдан жарты сағаттық жерде. «Жасы 70-тен асқан адамға бұл оңай жұмыс емес», - дейді қария.

Амангелді Әрінов, Астаховка ауылының тұрғыны:

Осы сумен айналысып тасып жүрмін күнде-күнде. Су жоқ ауылда. Енді бір осы Құдайдың берген суы бұлақ. Су құбырын жасап жатыр ауылға. Соған үлкен үмітіміз бар.

2023 жылы ауылда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында ауызсу құбырын тарту жұмысы басталған еді. Оған бюджеттен 676 миллион теңге қаражат бөлінген.

Әлішер Жарғанов, Бұқар жырау ауданы құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

2023 жылы жұмыстың 80% істелді. Негізгі құбыр тартылып, екі 50 текше метрлік резервуар қойылды. Бұған қоса 1 және 2 су ағысын қалыпқа келтіру станциялары салынды. Әр үйге құбыр жетіп тұр.

Алдағы күндері тұрғындардың 30 жыл күткен арманы орындалмақ. Жалпы Бұқар жырау ауданына қарасты ауылдардың 99% ауызсумен қамтылған. 2025 жылы бұл мәселе толық шешілуі тиіс.

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу