«Tiger Films» продюсерлік компаниясы тағы бір жаңа фильмді көрермен назарына ұсынды. «Менің ғашығым» деп аталатын романтикалық комедия режиссер Ақан Сатаевпен бірлесе түсірілген. Туындыда шаңырағы шайқалса да, бір үйде тұруға мәжбүр болған екі жанның шым-шытырық оқиғасы баяндалады. Көрермен фильмді еліміздің барлық кинотеатрынан көре алады.
Шығармашылық топтың айтуынша, фильмде көрсетілген оқиға шынайы өмірден алынған. Сценарий жазу, түсірілімге дайындық жұмыстары бір жылға созылыпты. Режиссер Ақан Сатаев кинотуынды 17 күнде таспаланғанын айтады.
Ақан Сатаев, фильмнің режиссері:
Менің тәжірибемдегі бірінші рет бүкіл оқиғамыз бір пәтердің ішінде дамиды. Бір локацияда әрі кетсе 10 шақты кейіпкермен бір оқиғаны айтып бердік. Басты мақсатымыз – жастардың арасындағы ең басты сезімді бағалау. Және жанұя болудың күшін сақтау.
Оқиға желісі бойынша отбасын құрған ерлі-зайыпты көп ұзамай ажырасады. Алайда үй ортақ болған соң екеуіне бір пәтерде тұруына тура келеді. Басты рөлдерді Альмира Тұрсын мен Дастан Шакиров сомдаған.
Альмира Тұрсын, актриса:
Жаңа ғана тұрмысқа шыққанда түрлі проблемалар болады. Сол проблемаларды олар қалай шешті? Қандай қиыншылықтар болған? Менің ойымша, бұл өте қажетті фильм. Себебі қазір қаншама адамдар ажырасып жатыр. Қарым-қатынаста қаншама қиыншылықтар болады.
Романтикалық комедия еліміздің барлық кинотеатрынан көрсетіледі. «Tiger Films» компаниясы 2021 жылы толықметражды фильм түсіру мақсатында құрылған. Екі жылдың ішінде 30 кинокартинаны жарыққа шығарды. Жыл соңына дейін тағы да 4 туындыны көрермен назарына ұсынбақ.
Қуан Нұрақын