Астаналық оқушылар вокзал жұмысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналық оқушылар вокзал жұмысымен танысты

19.09.2024

Елордалық оқушылар қаладағы ең үлкен, әрі пойыз көп жүретін «Нұрлы жол» вокзалына экскурсияға барды. Балалар кешендегі қызметкерлердің жұмысымен танысып, теміржолшы мамандығы туралы мағлұмат алды. Жеткіншектер өздерін вокзалда жолаушыларға арналған ақпаратты жариялайтын диктор ретінде де байқап көрді.

Теміржол вокзалының ішкі жұмысымен таныстырмас бұрын қызметкерлер балаларға ең алдымен қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат берді. Кейін анықтама бюросы мен билет кассаларына барды. Оқушылар сонда жұмыс істейтін мамандарға сұрақ қойып, жауап алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараны өткізуге Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында – 2025 жылды жұмысшы мамандықтардың жылы деп жариялауы түрткі болған.

Әбдікәрім Батырхан, «Нұрлы Жол вокзал» кешені бастығының көмекшісі:

Теміржол қызметкерлері мамандығының маңыздылығы және оның қандай қиын тұстары мен қызықшылықтары бар, соны айтып беруді жөн көрдік.

Оқушыларды қызықтырған тағы бір дүние – вокзал ғимаратының сәулеті мен инфрақұрылымы және теміржолшы формасы.

Балаларға ерекше әсер сыйлаған тағы бір орын – дикторлар бөлмесі. Экскурсия кезінде олар жолаушыларға арналған ақпаратты өздері жариялады.

Қымбат Берікова, 6-сынып оқушысы:

Біз вокзалда бірінші рет қалай билет алады, неше теңге тұрады соны көрдік. Адамдардың келуі және олардың пойызға отырғызуын да біз біліп алдық. Маған вокзал қатты ұнады.

Шара кезінде оқушылар перронда болып, пойызға міну кезінде қандай ережелер ескерілу керегі туралы білді. Сондай-ақ келушілерге вокзал қызметкерлері интерактивті ойын ойнатты.


Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу