Шығыс Қазақстанда көмірге кезек көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда көмірге кезек көбейді

19.09.2024

Өскемендіктер көмірге таласып жатыр. Күн сайын қаладағы темір жол тұйықтарындағы қоймаға 10 вагон көмір жеткізіледі. Алайда ол аздық етіп тұр. Өйткені күн суытқалы бері сұраныс күрт артқан. Тек жеке тұрғындар ғана емес, зауыт-фабрикалар да қысқа қажетті отынды енді тасып жатыр. Қазір әр көлікке 3 тоннадан ғана беріледі. Бұл алыс ауылдан жүк көлігін жалдап келген тұрғындар үшін тиімсіз. Соңғы екі-үш күнде кезек күткен көлік керуен болып тұр. Ал орталық қоймаға көмірдің неліктен аз келіп жатқанын ешкім айта алмайды.

Марат Субханов, көлік жүргізуші:

Жылда осы ғой. Жылда осындай уақытта талас. Бар көмірді жоқ қылады. Енді сондықтан жұмыс істей алмай қаламыз. Бізде қазір кестеден кешігіп жатырмыз. 12-қыркүйектің көмірін енді беріп жатыр.

Мансұр Бекбауов, көмір қоймасының бастығы:

Күніне 20 машина. Жұмыс жүрмеді. Енді қазір міне қыркүйек айында өте көп. Шамамен күніне қарағанда 100 машина. Жаз бойы тып-тыныш болды. Қазір көп келгеннен осындай кептеліс болып жатыр.

Өскемендегі екі қоймаға Қаражыра кенішінен 155 мың тонна көмір жеткізу туралы келісім шарт жасалыпты. Бүгінге дейін оның 80 мың тоннасы ғана тасымалданған. Тоннасы 12 мың мен 15 800 теңге аралығында сатылып жатыр. Ал облыс бойынша жеке тұрғындар бір қыста 500 мың тоннаға жуық көмір жағады.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу