Ұлытауда «Сәкен салған ізбенен...» атты жылжымалы көрме ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытауда «Сәкен салған ізбенен...» атты жылжымалы көрме ашылды

18.09.2024

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына - 130 жыл. Ұлтына қорған болған ұлы тұлғаның мерейтойына орай Ұлытау облысында «Сәкен салған ізбенен...» атты жылжымалы көрме жалғасын тапты. Көрмеге қойылған жеке заттары мен жәдігерлер қазақтың біртуар перзентінің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертеді.

«Сәкен салған ізбенен...» атты жылжымалы көрмеде ақиық ақынның талайлы тағдыр жолынан сыр шертетін жеке заттары жетіп артылады. Жәдігерлердің арасында ең ерекшесі – заңғар тұлғаның үстіне киген шапаны. Мұны Сәкеннің інісі Мәжит Сейфуллиннің жұбайы Әмина Жаңаарқа аудандық тарихи -өлкетану музейіне өткізген екен.

Ерболат Шубаев, С.Сейфуллин атындағы Жаңарқа аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

Жылжымалы көрменің басты мақсаты – жалынды жазушы, күрескер тұлғаның саусақтарының табы қалған бұйымдар, көптеген жеке заттарымен таныстыру. Сұңқар Сәкеннің әдеби-мәдени тарихымызда қалдырған ізі мен өмірбаянын насихаттау болып табылады.

Көрмеге Сәкеннің қолданған жеке заттары қойылыпты. Атап айтқанда ұстаған қамшысы мен шай ішкен кесесі және қант ұсатқышы сынды заттары мен суреттері бар. Айрықша жәдігердің әрқайсысы қажырлы қайраткердің тар жол тайғақ кешкен тағдырынан сыр шертеді.

Береке Көшенов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі:

Халықтың есінде мәңгі қалған. Осы Сәкеннің рухымен өміріміз жаңарған. Біз осы кісілердің әдебиетін оқып жүріп, рухымен тәрбиеленгенбіз. Сәкен - болашақтың ұстазы. Сәкен басына қатер төніп тұрған кезде бар жан-тәнін салған қайраткер. Сондықтан ұлы тұлғаны ұмытуға болмайды.

Көшпелі көрмеге ақынның өмірі мен шығармашылығын айқындайтын 12 жәдігер әкелінді. Жылжымалы көрме енді Сәтбаев, Қаражал қаласы мен Жезді, Жәйрем кенті және Ұлытау ауданында жалғасады.

Жанбота Рахметуллаұлы


Хабарламаларға жазылу