Лондонда өткен халықаралық өнер додасында туа бітті зағип, бірінші топтағы мүгедек бала қазақстандық композиторлардың шығармаларын фортепианода орындап, топ жарды. "Қазақ қызы" суретінің авторы да байқауда бас жүлдені қанжығалады. Марина Бекенова сабақтайды.
Абылай - Астанадағы гимназияның 9-шы сынып оқушысы. Музыкалық мектепте фортепиано класы бойынша қосымша білім алады. Бірінші топтағы көз мүгедегі болса да, мүмкіндігінің шектеусіз екенін дәлелдеп, халықаралық өнер додасында бас жүлдеге ие болды.
Абылай Мұстафин, Байқаудың бас жүлдегері:
Мен бақыттымын, жеңімпаз болып ұтып жатқаныма. Мүмкіндік бергені үшін музыкалық мектеп мұғалімі Олеся Ивановнаға, анам мен әкеме рақмет.
Абылай есепке де жүйрік. Менталды арифметикадан өткен халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл байқауда алматылық суретші Әсемгүл Сүлейменова да бас жүлдені қанжығалады.
Әсемгүл Сүлейменова, Байқаудың бас жүлдегері:
Менің басты мақсатым осы қазақи өнерді, қазақи нақыштағы суреттерімді әлемге таныту, Қазақстанда өнер адамдары көп екенін, бар екенін білдіру.
Өнер бәйгесінде бақ сынағандардың 30 пайызы отандастарымыз. Олар ұлттық өнерімізді паш етіп, қазақ күйін күмбірлетті. Байқауға қазақстандық балалармен қатар кәсіпқой музыканттар да қатысты.
Инесса Била, Байқау ұйымдастырушысы:
Бұл байқауға өзін әлі шетелде танытып үлгермеген өнер адамдары қатысады. Бес жасар баладан бастап, 70-тен асқан ақсақалға дейін сахнаға шықты.
Төртінші жыл қатарынан өтіп жатқан халықаралық байқау “Алтын уақыттың дарыны” деп аталады. Биыл оған онлайн іріктеуден өткен 25 елдің өкілі қатысты.
Марина Бекенова