Соңғы үш жылда 300 гектар жерге көшет егілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы үш жылда 300 гектар жерге көшет егілді

17.09.2024

Елімізде орман қорының төрттен үш бөлігі шығыста өседі. Алайда соңғы 3-4 жылда алапат өрттің салдарынан қылқан жапырақты ағаштар азая бастаған. Сондықтан Мемлекет басшысы 2020 жылғы Жолдауында бүкіл ел бойынша 2 миллиард түп көшет отырғызуды міндеттеген. Ал шығыстағы орманшылар бүгінге дейін 10 мың гектар жерге ағаш еккен. Енді олар тұқымбақтардың санын көбейтуге еңбектеніп жатыр.

Орманшылар үшін қазір ең жауапты кезең. Мобильді топтар орманның қауіпсіздігіне жауапты. Ал басқа мамандар тұқым жинау, көшет егу, тазалау жұмыстарымен жыл он екі ай шұғылданады. Қазір орманнан бүршік жиналып жатыр. Әр ағаштың бүрі бөлек кептіріліп, сортталып сұрыпталған соң арнайы құрылғы арқылы одан тұқым алынады.

Арай Атантаева, Орман шаруашылығының басшысы: 

Мына барабанға түсіп, содан кейін ыстық температура беріледі. Айналған кезде бүршіктер ашылып ішіндегі дәндері мына жерге түседі. Содан кейін дәндерді біз жылыжайға сеуіп кішкентай орман көшеттерін өсіреміз.

Өскін көшет болып өскенге дейін ерекше күтім қажет. Ерте көктемде егілген көшеттер күзден бастап орман алқаптарына отырғызылады. Сондықтан жылыжайдағы мамандар ала жаздай бел жазбастан еңбек етеді.

Жылыжайда тамыр алған көшеттер егілетін аумақ алдын ала дайындалады. Қураған ағаштарды кесу мен тазалаудың да өзіндік ерекшелігі бар. Оған қоса әрбір орманшылықты күзететін мобильді топ жұмыс істеп, өрт қауіпсіздігін бақылайды.

Талғат Мұратаев, мобильді топ жетекшісі: 

Мұның ішінде 20 литр су сияды. Барғанша жерді өшіреміз. Біздің ең негізгі жұмысымыз шақыруға уақытында бару. Көлемін өлшеу. Ары қарай хабарлау.

Батыс Алтай қорығына қарайтын Риддер орман шаруашылығында қазір 160 адам жұмыс істейді. Олар тек соңғы екі жылда 300 гектар жерге 1 миллион 200 мың түп көшет екті. Бұл жұмыс облыс көлемінде жалғасып жатыр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу