Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі азаматтар сапасыз салынған үйде тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі азаматтар сапасыз салынған үйде тұрып жатыр

17.09.2024

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі азаматтар сапасыз салынған үйде тұрып жатыр. Пайдалануға берілгеніне үш жыл ғана болған баспананың инженерлік желілерінде ақау бар.

Тұрғындар әлі күнге дейін құрылыс кезінде уақытша тартылған электр желісін пайдаланып келеді. Олар жарықтан бөлек көгілдір отынға да ақша төлей алмай отыр. Алайда, қарыздары жиналып қалған. Сондықтан, қала әкімдігінен мәселені шешіп беруді сұрайды. Мұнда тұратын 24 отбасы пәтерлерді мемлекеттік бағдарлама арқылы алған. Көбі бірінші және екінші топ мүгедектері мен көп балалылар.

Тоқабай Есмағамбетов - қала тұрғыны:

«Қарыз жиналып жатыр, учетчиктер айналып, есептеп жатыр. Тоқ та , газ да – екеуі де есептелуде. Енді оны кім төлейді десек, өздеріңіз төлейсіздер балансқа өткесін дейді. Сапасына көңіліміз толмайды. Терезелерінің айналалары сыланбаған. Мен көшіп келгенде терезенің әйнегі жоқ. Есіктері жабылмайды, жабылса ашылмайды, сондай». 

Бұл үйдің сыртқы сылақтары қазірдің өзінде түсіп жатыр. Іргетасы да үгітіле бастаған. Көктемгі су тасқыны кезінде жертөлесіне су толып, оны тұрғындардың өздері тазартуға мәжбүр болған. Қалалық құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, кепілдік мерзімі өтіп кеткендіктен, кемшіліктері түзеуге мердігер мекеме міндетті емес.

Бауыржан Жантөрин - Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

«Бұл үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынды. Тұрғындар несиесін төлеп жатыр. Үйге сандық жүйедегі энергия есептегіш құрылғылар қойылуы тиіс болған еді. Біз электр энергиясына жауапты мекемеге хабарласып, мәселені айттық. Олар өз кезегінде Пәтер иелері кооперативімен келісіп, жұмысты аяқтауы тиіс». 

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу