Қарағанды облысы Шет ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 5 елдімекеннің ішкі жолдары жөнделді. Бұған 730 миллион теңге қаражат жұмсалған. Биыл Сәкен Сейфуллин кентінде бұрын-соңды асфальт болмаған 8 көшеге су жаңа жол төселді.
Тілектес Үмбетов, С.Сейфуллин атындағы кент тұрғыны:
Бұрын балалар мектепке барғанда, елдің өзі ауыл арасында батпақта, қарда жүре алмай жататын. Қазір енді тас жолдың аты тас жол ғой. Жеңіл көлік болсын, жаяу жүргінші болсын барлығы да жақсы. Істері көңілге қонымды.
Бағдарламадан бөлек жергілікті бюджет есебінен де ішкі жолдар ретке келтірілген. Алайда бұл жолдар «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» бақылауынан өтпеген. Әкімдік жекеменшік компания арқылы тексеріп, жолды қабылдаған. Енді жаңа асфальттың сапасы сыр берсе, қайта тексеруге тура келмек.
Ермек Смайылов, «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» РМК Қарағанды филиалының инженері:
Бұл жерде жұмыс толық аяқталып, ақшасы төленген. Бірақ біз жолдың салынғаны жайлы ешқандай ақпарат алмадық. Тексерістен өткізген жоқпыз. Сондықтан сапасына күмәнмен қараймыз.
Жандос Бақытұлы