Бидай бітік шыққанымен, шаруалар өткізе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бидай бітік шыққанымен, шаруалар өткізе алмай отыр

16.09.2024

Еліміздің түстігінде биыл бидай бітік болып, мол астық жиналғанымен, шаруа өнімін сата алмай отыр. Өйткені баға күннен күнге құлдырап барады. Қолында барын ақша ете алмаған диқан енді келер жылға дән себе алмай қаламыз ба деп дағдарып отыр.

Ала жаздай тыным таппаған шаруа мың гектар жерден жиналған астығының әлі үштен бірін де сата алмаған. 70 теңгеден басталған баға құлдилап, 58-ге бір-ақ сырғыды. Қамба толы, алушы жоқ. Делдалдар да шаруаның шарасыз күйін біліп, бұғып отыр.

Кемел Темірұлы,  шаруа:

Көмектеспесе біз көктемде алған несиемізді төлей алмаймыз. Бидай қоймада жатыр. 60 теңге деген өте төмен баға ғой. Ал Ресейден бидай КАМАЗ-бен кіріп жатыр дейді. Соны тоқтатса.

Биылғы баға бір гектарға жұмсалған шығынның жартысын да жаба алмай тұр. Жерді өңдеу мен минералды тыңайтқыш, жанар-жағармайды қоса алғанда 120-130 мың теңгедей қаржы кетті, - дейді шаруалар.

Манасбай Бекбауов, шаруа:

60 теңгеден алмай жатыр. Бидай сататын шаруада ешқандай мүмкіндік жоқ. Жұмысшылардың айлығын тауып беру үшін төмен бағаға түсіп жатырмыз.

800-ге тарта шаруашылықтың басын біріктірген қауымдастық осы жағдайды айтып, шілде айында жергілікті билік пен Үкіметтен көмек сұраған болатын. Алайда оған мойын бұрған ешкім болмады.

Мұхтар Бимат, «Арпа-бидай ас екен» қауымдастығының басшысы:

Қауымдастық атынан облысқа да, республикаға да хат жаздық. Азық-түлік корпорациясы 50-60 мың тонна сатып алса, қалғанын мал бар, шаруасы бар өзі ұстап отыратын еді. Мемлекет алмаған соң,  артық бидай еш жерге өтпей отыр.

Биыл Шымкент қаласы бойынша 11 мың гектарға жуық алқапқа дән себілді. Көктем жауын шашынды, күн райы қолайлы болғандықтан қамбаға 15 центнерден дән құйылды. Жергілікті билік мұның барлығының есебін алғанымен, бағаға ықпал ете алмаймыз деп отыр.

Жәнібек Тоғаев, Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

Продкорпорация қазан айының басында немесе ортасында сатып алатын бағасын бекіткен соң, біздің шаруалардың қолында ұстап отырған бидайының бағасы да жоғары қарай жылжиды деген үмітпен отырмыз.

Өңірде енді он шақты күнде келер жылдың өнімі үшін күздік бидай себу басталады. Өнімін өткізе алмаған шаруада әзірге жер жыртуға да, тұқым алып, оны егуге де қаржы жоқ. Ал қарызға белшесінен батқандарға соқасын қаңтарып, қол қусырып отырғаннан өзге амал қалмай тұр.

 Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу