Алматыда тұмауға қарсы екпе егу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда тұмауға қарсы екпе егу басталды

16.09.2024

Алматыда тұмауға қарсы екпе егу басталды. Жыл басынан бері шаһарда 19 мыңға жуық адам респираторлық вирустық инфекция жұқтырған. Әдетте, күз келсе, тұмау өрши түседі. Дәрігерлер суық түскенше халықтың тең жартысын вакциналауды көздеп отыр. Ал екпе кімдерге тегін салынады? Алматыға қанша мың доза әкелінді? Тілшіміз Айдана Қуантхан тарқатып айтады.

Алматыға биыл 200 мың доза вакцина сатып алынды. Қазір қоймаға 54 мыңнан астамы жеткізілді. Қаладағы емханалар күз басталысымен күшейтілген режимге көшкен. Дәрігерлер күн сайын кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Ал тұрғындар тұмаудың алдын алу үшін дер кезінде екпе алған жөн, - дейді.

Тұрғындар тұмауға қарсы екпені өздері тіркелген емханадан ала алады. Ол үшін терапевт немесе кезекші дәрігерге барса жеткілікті. Екпе әуелі жүкті әйелдерге салынады. Содан соң, медицина саласының қызметкерлері, балалар мен қарттар, диспансерлік есепте тұрғандар тегін егіледі. Мамандар вирус қыстың қақ ортасында өрши түседі. Сол үшін екпені күздің басында алған дұрыс, деп кеңес береді.

Тамара Отағанова, инфекционист-дәрігер:

Енді не үшін егу жұмыстарын жүргізу керек? Дүниежүзінде бүкіл ғалымдар және эпидемиологтар келесі жылда қандай тұмаудың вирустары кездесетінін алдын ала болжайды. Болжап сол вирустарға қарсы егу жұмыстарын жасайды. Еккен кезде екі аптадан кейін иммунитет үзіліп бастайды.  Егер адамда қандай да бір ауру белгілері болса, онда екпе егу жұмыстарын кішкене кідіртеді.
Қазір мегаполисте жедел жәрдемнің 186 бригадасы жұмыс істеп тұр. Шақыртулар көбейсе, олардың санын 200-ге жеткізбек. Ал инфекциялық стационарларда 530-дан астам орын дайын. Қазір онда 60-қа жуық науқас ем қабылдап жатыр.
Тұмау суық тиюмен салыстырғанда әлдеқайда қауіпті. Асқынып кетсе, бронхит, өкпе қабынуы мен делбе дертіне ұласуы мүмкін. Сондықтан дер кезінде дәрігерге жүгінген жөн, дейді мамандар.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу