Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында құрылыс шектеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында құрылыс шектеледі

16.09.2024

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында құрылыс шектеледі. Бүгін Мәжілісте «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы таныстырылды. Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтың айтуынша, қалаға республикалық бюджеттен жыл сайын 60 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Ерекше мәртебе берілген соң, қосымша қаржыландыру тетіктері қарастырылады. Бұдан бөлек, қаланың дизайн коды бекітіледі. Оған сәйкес, қала құрылысы бір стильде жүргізіледі. Қаланың тарихи ерекшелігі саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында 100 метрдей жерде ешқандай құрылыс салуға рұқсат жоқ. Ал 100 метрден ары қарай салынатын ғимараттың биіктігі 7 метрден аспайтын болады. Сонымен бірге, құрылыс материалдарының түсі де сол тарихи аймаққа сай таңдалмақ. Тағы бір маңызды шешім – енді туризм саласына қолдау арта түспек.

Бауыржан Омарбеков, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:

Жалпы туризм саласында жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлердің шығындарының 10 пайызын бюджет есебінен өтеп беру деген де нормалар қарастырылған.


Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу