Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккен 16 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккен 16 отбасы баспаналы болды

16.09.2024

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тасқыннан зардап шеккен 16 отбасы баспаналы болды. Ақкемер ауылының тұрғындарына жаңа үйлердің кілті табысталды.

Бұған дейін аудандағы Ойыл, Кемер, Бестамақ және Қаратал елді мекендерінде 143 үй пайдалануға берілген еді. Ал бүгін Ақкемерліктер де қоныс тойын тойлап жатыр. Аумағы 80 шаршы метр болатын 3 бөлмелі баспананың әрқайсысының құны 28,5 миллион теңге. Инженерлік желілер түгел тартылған. Құрылыс барысын тұрғындардың өздері бақылады.

Қуанбек Әбілғазин, Ақкемер ауылының тұрғыны:

Ауылдық жерде тұрғасын ағайын-тума, қонақтар бар. Залымыз бар еді, өзіміздің ойымыздан шыққан жоқ. Содан мына екі бөлмені біріктіріп, адамдар ұйымдастырып, зал қылдық. Бәріне көңілім толады. Салып жатқанда, қарап тұрдым.

Тұрғындарға демеушілер есебінен тұрмыстық техникалар табысталды. Жалпы аудан бойынша 328 үйді су басқан болатын. Оның 307-сі жарамсыз деп танылды. 21 баспана қайта жөнделсе, 135 отбасыға дайын үйлер сатып алынды.

Марат Тәжіғалиев, Саралжын ауылдық окурігінің әкімі:

Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы бар, бәріміз келіп, кездестік. Суға кеткен үйлердің бәрі судың жағасында еді ғой, ол жерден қайта үй салудың қажеттілігі болмады. Сондықтан тұрғындардың өтініші негізінде, осы жерден жер таңдап, пайдалануға осы жерді бердік.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу