«Төрт рет конкурсқа қатыстым, жер жоқ»: Бұрынғы судьяның мұңы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Төрт рет конкурсқа қатыстым, жер жоқ»: Бұрынғы судьяның мұңы

15.09.2024

Ауылда мал жаятын жер жоқ екенін айтып қатты қапаланып жүрген шаруа аз емес. Жүздері өрт сөндірердей болып ашуланып отырғандарына да жылдар өтті. Президент Жолдауында, сосын осы аптада Қостанай облысына барғанда бұл проблеманың түйінін тарқату маңызды екеніне тоқталды.

Әзірге сыбайластық бар деп күдіктенуге негіз болатын картиналар көреміз – арамшөп жайлап игерілмей жатқан жерлер, ал малын жаятын, шөп шауып алатын жері жоқ, тиісінше, мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие алуға мүмкіндігі жоқ фермерлер.

Екінші жағынан, Президент 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екені анықталғанын айтты. Мұның бәрі мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық деді. Өтірік ақпармен қанша бюджет қаржысы кетті екен?

Ақтау қалалық сотының төрағасы болып істеген Мәлік Кенжәлиев есімді азамат зейнетке шыққасын асыл тұқымды сиыр өсірумен айналысу үшін Батыс Қазақстан облысындағы туған жері Абай ауылына барады.

«Төрт рет конкурсқа қатыстым. Алайда, жер жоқ. Мына Ақжайық ауылдық округінде 34 шаруашылық тіркелген. Оның тек 3-4-уі жұмыс істейді» деген Мәлік Кенжәлиев жалпылама сөйлеп күмілжімейді, әрі қарай жемқорлық туралы айтады. Жер қайтарылып жатыр, бірақ...

Шаруамен айналысқысы келген бұрынғы судья системалық дерттерді Ардақ Мұратқызына баяндап берген. Ардақтың сюжеті.

Мәлік Кенжәлиев - жиырма жыл сотта, соның ішінде Жоғарғы сотта да еңбек еткен бұрынғы судья, полковник шені бар. Былтыр зейнетке шыққан соң, Астананы тастап, ауылға көшіп келген. Чехиядан 15 бас сүтті семминтал сиырын сатып алып, іс бастаған. Қазір жайылымға жер ала алмай жүр. Фермердің айтуынша, ауылда игерілмей, күтімсіз жатқан жер көп.

Мәлік Кенжәлиев, фермер:

Төрт рет конкурсқа қатыстым. Алайда, жер жоқ. Мына Ақжайық ауылдық округінде 34 шаруашылық тіркелген. Оның тек 3-4-уі жұмыс істейді. Қалғандарының бірі де жұмыс жасап жатқан жоқ. Мына кең байтақ жеріміздің ішінде бәрінің иесі бар. Яғни бос жер жоқ. Алайда бұл жерлерге ешкім бір тиын ақша салып жатқан жоқ. Яғни, жер пайдаланылмайды.

Өзінің жері болмағандықтан, ауыл тұрынынан 50 га жер уақытша сұрап алып, малын жайып жүр. Әрине, тегін емес. Өрістегі шөптің тең жартысын орып, иесіне береді.

Сиыры өрісте жайылғандықтан, сүті құнарлы. Күніне 150-200 литр сүт алады. Бірі малшы, екіншісі сауыншы екі жұмысшысы бар. Сауылған сүтті күндегісін күнде қаладағы сүт зауытына литрін 200 теңгеден әкеліп тапсырады. Сөз арасында жер алу үшін ұйымдастырылатын конкурстың әділ өтпейтініне налиды. Айтуынша, жердің айналасын тамыр-таныс, жемқорлық жайлаған.

Мәлік Кенжәлиев, фермер:

Таныс адамдардың, ағайындардың, кім аудан әкімдеріне жақын, жер комитетіне жақын, солар жер алып отыр қазір. Олай дейтін себебім, «Қайрат» шаруа қожалығы кеше жеңіп алған және Жоламанова деген азаматша - бұрынғы аудан әкімінің әйелі, алайда олар тұрмайды екеуі де Ақжайық ауылдық округінде. Соған қарамастан, бұрын да жері бола тұра, тағы жер алып отыр.

Ресми мәліметке сай, облыста соңғы үш жылда 550 мың га жер мемлекетке қайтарылған. Оның 350 мыңы қайта айналымға берілген. Мал басының өсіміне орай өңірде 25 мың га жайылым тапшылығы бар.

Нұржан Мақсотов, облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы:

Конкурста бір лотқа 4-7 адамнан артық қатысып отыр. Әрине, жердің мақсатына сәйкес, тұрғылықты жеріне байланысты конкурстан өтпей қалған шаруа қожалықтары арасында келіспеушіліктер бар. Бұл заңды құбылыс. Сотта дауласып жатқандар да бар. Биылдың өзінде жаңадан ашылған кәсіпкерлер үшін бөлек бал енгізу жөнінде конкурстарға өзгерістер енгізілді.

Мәлік Кенжәлиев конкурстық комиссия құрамына, қайтарылған жердің қайтадан әділ бөлінуіне күмәнмен қарайды. Әрі Жер кодексі бойынша «жер сатылмайды» деп жазылғанымен, ебін тауып, екі асап жатқандарды жазалау керек деп есептейді. Бас прокуратура мен басқа да құзырлы органдарға заңбұзушылықтар туралы хат жазған.

Мәлік Кенжәлиев, фермер:

Жердің айналасындағы мәселе - жемқорлықтың ордасы қазір. Жер сатылып жатыр. Дәлел, міне: «Сәмөк» шаруа қожалығы 10 млн теңгеге жерін сатып жіберді. Екіншісі, бұрынғы 2012-2020 жылдары осы ауданда жер бөлімін басқарған Тайманның «Есенбай» деген шаруа қожалығы әйелінің атына жерді тағы алып отыр. Яғни 1000 га жерді даладан, 172 га тоғайдан алып отыр. Сұрақ туындайды: қалай ол азамат мемлекеттік қызметкер бола тұра жер алып отыр.

«Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Мәлік Кенжәлиев, фермер:

Ауылдың қарапайым азаматтары жер ала алмай отыр. Менің өзім ала алмай жүрмін. Жасыратын ештеңесі жоқ, менің де тамыр-танысым бар. Облыс әкіміне дейін кіре аламын. Бірақ жерім жоқ. Мен қазір басымды ауыртып тұрғаны, күз айы келіп қалды, 15 басқа не жем-шөп жоқ, не бағатын орын жоқ.

Фермердің шаруашылығы Теректі ауданы Ақжайық ауылдық округіне қарасты Абай ауылынан бес шақырым жерде орналасқан. Ол ешкімге алақан жаймай, кәсібін кеңейткісі келеді. Әрі ауылдастарының да мүддесін қорғауға ниетті.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу