Жетісу облысы Жаркент қаласында 90 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген саябақ қалпына келтірді. Тоз-тозы шыққан алаң адам танымастай өзгеріп, халықтың демалатын орнына айналды. Мұнда спорттық алаң, балаларға арналған аймақ, су бұрқақ, безендірілген жарықтар сынды қажеттінің бәрі бар. Самал Қабышеваның бейнематериалы.
Ғасырға жуық уақыттан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген саябақтың бүгінгі көрінісі осындай. Халықтың бұл күнді күткені соншалық, ашылу салтанатына асығып жетті. Үлкендер әдемі саябақта серуендеп, балалар спортпен щұғылданып, барлығы мәре-сәре.
Раушан Төкеева, Жаркент қаласының тұрғыны:
Осыдан 10 жыл бұрын бұл парктің жағдайы нашар болатын. Қоқыстар жататын. Бүгінгі күнгі парктің көрінісі тамаша. Жалпы Жаркент қаласында бірінші субұрқақ ашылып жатыр. Өзім төрт баланың анасымын.
Жаркентте «Өркен» деп аталатын бұл саябақты қалпына келтіруге мемлекеттен 360 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Марат Сағымбек, Панфилов ауданының әкімі:
Тек бюджеттің қаражатына ғана емес, биылдың өзінде Біләл Әзім саябағында осындағы ұйғыр эктно-мәдени орталығының басқаруымен сол көшенің жігіттерінің арқасыда керемет сәнге келтіріп жаңартқан болатынбыз.
Панфилов ауданының халқы Президенттің «Таза Қазақстан» акциясына осылай қолдау көрсетіп жатыр. Қазір Талды ауылында демеушілердің есебінен тағы бір саябақ салынуда. Аумағы 1 гектарға жететін демалыс орны жақында халық игілігіне беріледі.
Самал Қабышева
