ЖЭО салынатын құрылыс алаңында зерттеу жұмыстары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЖЭО салынатын құрылыс алаңында зерттеу жұмыстары басталды

13.09.2024

Көкшетау қаласында жылу электр орталығы салынатын құрылыс алаңында зерттеу жұмыстары басталды. Мамандар топырақтың сапасын тексеріп, геодезиялық деректер жинауда. Алдағы уақытта толыққанды инфрақұрылым да тартылмақ. ЖЭС сағатына 520 Гигакалория жылу өндіріп, 240 мегаватт электр энергиясын береді.

Биыл жылу электр орталығын салу үшін жер телімі бөлінді. Қазіргі таңда мұнда жұмыс қызу. Мамандар нысан заманауи құрылғылармен толық жабдықталады деп отыр. Осының арқасында алдағы уақытта станцияны көмірден газға ауыстыру мүмкіндігі бар. Оған қоса, ауаға тасталатын зиянды заттардың мөлшері де төмен болмақ.

Аңсар Айдаров, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның инвестициялар жөніндегі бас директоры:

Бүгінгі таңда біз құрылыс алаңын жобалау және дайындауға қажетті бастапқы деректерді алдық. Жобаны іске асыру шеңберінде облыс әкімдігімен бірлесіп сыртқы инфрақұрылым құрылысын да қамтамасыз ету керек. Атап айтқанда, бұл сумен қамтамасыз ету, электр қуатын беру, көмірді жеткізуге арналған кірме және темір жол объектілерін салу жұмыстары.

Көкшетау – еліміздегі жылу электр станциясы жоқ жалғыз облыс орталығы. Қазір 200 мыңға жуық адам тұратын қала шағын қазандықтармен ғана амалдап отыр. Жылу желілерінің жағдайы да мәз емес. Басым бөлігі тозған. Сондықтан жергілікті билік те жобаның сәтті іске асуы үшін жан-жақты қолдау көрсетуде.

Әнуар Күмпекеев, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі:

Жылу және электр қуаты жағынан жетіспеушілік байқалуда. Сондықтан жылу және электр орталығын салу бізге өте маңызды. Бүкіл техникалық сипаттамалар және 168 гектар жер телімі берілді.

Жылу электр орталығының құрылысы 2028 жылы толық аяқталмақ. Нысан іске қосылса, 300 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.


Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу