Шабандоздар жеңіс тұғырынан көрінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шабандоздар жеңіс тұғырынан көрінді

13.09.2024

Көшпенділер ойындары аясында өткен ат жарыста Қазақстанның шабандоздары оқ бойы озып шықты. Бәйгеде шапқан сәйгүліктердің шабысы да көрерменді таң қалдырды. Байрақты бәсекенің жанкүйерлері көп болды.

Дүниежүзі көз тіккен аламан ұшқыр бәйгеден басталды. Сөреге шыққан шабандоздар 1600 метрге шапты. 2 жасқа дейінгі тұлпарлар арасындағы жарыста «Шағал» атты жануар оқ бойы озық шықты.

Жорға бәйгеде болса, қырғыз шабандоздарының жолы болды. Талай жарыста топ жарып жүрген «Чиксон Лок» жүйріктігін көрсетті. Күміс қазақстандық спортшыға бұйырса, қоланы айыр қалпақты ағайын еншіледі.

Әмір Серік, құнан бәйге жеңімпазы:

Көңіл-күйім жақсы. Менің құнаным сол алдына шығып, соңына дейін шыдап бірінші келдім.

Топ бәйгеде де, Ұлттық құраманың үкілеген үміттері ақталды. 18 шақырмға созылған сында 5 мемлекеттен 19 сәйгүлік жарысты. Оның тек үшеуі ғана мәреге дейін жете алды.

Ат жарысы 25 шақырым, яғни ең ұзақ қашықтықтағы Аламан бәйгемен жалғасты. Оған 27 шабандоз қатысқанымен оның 20-сы жарыс жолынан шығып қалды. 7 сүйгілік 14 айналымды соңына дейін жүріп өтті. Дүбірлі додада жаңа есімдер шығып, көпшілік ойламаған шабандоздар жүлдегер болды. Алтын мен күмісті қазақ шабандоздары, қоланы қырғыздың «Қара қыз» атты сәйгүлігін мінген спортшы алды. Жеңімпаз Аңсар Арыстанбек 4 жылдан бері бәйгеде шабады. Алматылық спортшы бұған дейін түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып 7 көлік жеңіп алған.

Аңсар Арыстанбек, аламан бәйге жеңімпазы:

Қыстан бері дайындалдық осы көшпенділер ойынына. Қарсыласым «Жұмыр тұяқ» пен «Қара қыз» болды 25 шақырымда. Құнан бәйгеде «Қамысқұлақ» болды.

Қазақстандық шабандоздар ат жарыста бас-аяғы 16 медаль жеңіп алды. Ұшқыр және жорға бәйгенің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал, құнан, топ, аламан бәйгенің чемпиондарына темір тұлпар бұйырды. 2-5 орыннан көрінген шабандоздарға қаржылай сертификат табысталды.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу