Өзбекстанда заңсыз кәсіппен айналысқан 400-дей мемлекеттік қызметкер анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда заңсыз кәсіппен айналысқан 400-дей мемлекеттік қызметкер анықталды

13.09.2024

Өзбекстанда мемлекеттік қызметте жүріп, заңсыз кәсіппен айналысқан шенеуніктер анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік мәліметінше, түрлі министрлікте істейтін 400-дей маман бизнеске иелік етіп келген. Енді олар жауапкершілікке тартылмақ. Осындай «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді әшкерелеуге Өзбекстанның журналистері мен блогерлері де атсалысып жүр.

Бұл туралы Ташкентте өткен халықаралық медиа форумда айтылды. Агенттік төрағасының сөзінше, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі ұлттық кеңес мүшелерінің 12%, қоғамдық кеңес өкілдерінің 20% журналистер. Олар осы салада зерттеу жүргізу үшін арнайы курстарда білім алады. Медиа мектепте оқып, біліктілігін арттырған 150-дей ақпарат құралының өкілі бар.

Шерзодхон Қудратхужа, Өзбекстан ұлттық медиа бірлестігінің басқарма төрағасы:

Жемқорлық ұсақ-түйек, қарапайым нәрселерден басталады. Сонан соң әрі қарай ұлғая береді. Ал медиа саласының өкілдері осы келеңсіз процестің алдын алуға, жең ұшынан жалғасқан әрекеттердің тамыр жаюына кедергі болуға атсалысуы тиіс.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу