«Дүние дидарындағы Димаш». Күллі әлемді өнерімен тамсандырған Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған көрме осылай деп аталды. Бүгін шараның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Астана төріндегі Ұлттық музейге Димаштың жанкүйерлері әлемнің түкпір-түкпірінен жиналды. Ал көрмеге қойылған құнды дүниенің бірі ол Димаштың бесігі. Бесікке әжесінің тілеуі жазылған.
Димаштың «Махаббат бер маған» деген әнін сүйіспеншілікпен шырқап тұрған жанкүйерлердің бір легі Франциядан, бірі Румыниядан келгендер. Ал, испаниялықтар болса, тілекттерін қазақша жеткізді.
«Дүние дидарындағы Димаш» атты көрменің ашылуына келген шетелдік жанкүйерлер лег-легімен ағылып, Димашты сағынып келгендерін айтады. Ал, көрме 4 бөлімнен тұрады. Яғни, әншінің балалық шағынан бастап, өнер жолы, жанкүйерлердің сыйы, әлемдік аренада жеткен жетістігі, медаль, құрмет грамоталары барлығы көрмеге қойылған.
Самал Қабышева, тілші:
Әлдиін тыңдап әжеңнің, Ұлы бол күллі әлемнің. Димаштың анасы, әжесінің тілеуі қабыл болды дейді.
Светлана Айтбаева, Димаш Құдайбергеннің анасы:
Бесікке әжесінің бір тілеуін ғанан жаздық. 22 адам екен. Жақсы сөз. Бесікке тілеуін жазудағы мақсатымыз ұлттық құндылықты сақтау. Мақсатымыз, жарым ырыс деп жатамыз ғой. Сол орындалып жатыр. Әжесі мақтанып айтып отыратын, бұл құтты бесік деп. Бесікке жатқан адамның барлығының аты-жөндері жазылған.
Димаштың анасы бесіктің жапқышын заман талабына сай жаңалап қойғандарын айтады. Бастысы, әжесінің тілеуі қаз-қалпында жазылды дейді. Қазақтың мақтанышына айналған Димаш Құдайбергеннің шығармашылығынан, өмір жолынан сыр шертетін көрме Ұлттық музейде 6 қазанға дейін жалғасады.
Самал Қабышева