Мәжілісте үш жылдық бюджет жобасы таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілісте үш жылдық бюджет жобасы таныстырылды

12.09.2024

Елімізде келесі жылы бюджет тапшылығы 14% артуы мүмкін. Өйткені білім, денсаулық сақтау мен әлеуметтік салалардағы шығыстар биылға қарағанда бір триллион теңгеден асады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау кезінде айтылды. Қаржы министрі орынбасарының сөзінше, бұған әлеуметтік төлемдерді индексациялау, студенттер шәкіртақысының 15-20% өсуі мен мемлекеттік жарналар мөлшерлемесінің артуы әсер етпек. Сөйтіп, келер жылы бюджетке 21 триллион 700 миллиард теңгеден астам қаржы түседі деп жоспарланған. Ал шығыс әлдеқайда көбірек. 25 триллон 800 миллиард теңге. Яғни, бюджет тапшылығы 4 триллион теңгеден асады деп күтіліп отыр. Ал Ұлттық қордан аударылатын қаржы 5 триллион теңгеден асады.

Абзал Бейсенбекұлы, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:

Бюджеттің тиімділігін қамтамасыз ету үшін соңғы үш жылдағы шығыстарға шолу жасалды. Ағымдағы тиімсіз шығыстар, имидждік сондай-ақ іс-сапар шығындары оңтайландырылды. Шығыстар бірінші кезектегі және стратегиялық бағыттарға көзделген. Аяқталуға жақын қалған жобаларды қаржыландыру біздің басымдығымыз. Барлығына ресурстар жетпейді. Сондықтан қалған мәселелерді кезек-кезеңімен шешетін боламыз. 

Депутаттар болса, бюджет қаржысын әлі де оңтайландыру қажет деп отыр. Өйткені, шығыстар артып, түсімдер азайып барады. Ал Ұлттық қорға иек арта беруге болмайды. Оның үстіне, қазына қаржысының басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалып отыр. Бірақ, қайтарым жоқ. Бұлай жалғасса, бюджет банкротқа ұшырауы да мүмкін дейді олар. Әрі бюджеттің бөлінуі де, дұрыс емес деп отыр. Депутаттардың айтуынша, мемлекеттік тіл мен бұқаралық спортты дамытуға және қорғаныс саласына қаражат аз қарастырылған. Әрі коммуналдық мәселелерді шешуге де ақша жетпей қалған дейді.

Мархабат Жайымбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мынау қысқа дайындық мәселесі. 117,9 млрд теңге сұраған әкімдіктер бар болғаны 34 млрд теңге беріліп отыр. 83 млрд ақша берілмей отыр. Жылу желілерінің әбден тозығы жеткен. Екібастұз басқа да қалаларды айтпай-ақ қояйын. Сол қайталанады деген сөз. 

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу