АҚШ-тағы ең ірі үш қаланың бірі саналатын Чикаго шаһарында қазақтар саны көбейіп келеді. Қазірдің өзінде саны мың жарым адамға жеткен. Отандастарымыз балаларға қазақы тәрбие беріп, ұлттық бірегейлігін сақтау үшін арнайы мәдени орталық ашып алған.
Чикагодағы қазақ мәдени орталығында бүгін кезекті бас қосу. АҚШ-тағы Қазақстан елшісі осындағы қандастардың тұрмыс-тіршілігімен танысу үшін Вашингтоннан арнайы келді. Отандастарымызды толғандырған сұрақтарына жауап берді. Бұл орталық осыдан екі жыл бұрын ашылған. Бір кабинетте ұлттық рәміздер қойылған қазақы бұрыш орналасса, келесі бөлмеде ұлттық киімдер тізіліп тұр.
Дәулет Орынбай, белсенді:
Басты мақсатымыз – осында тұрып жатқан ұрпаққа дінімізді, тілімізді насихаттау. Себебі үлкен мемлекет болғандықтан тез ұмытылып кетеді қазақ тілінде сөйлемесе. Сондықтан осындағы қазақтар бас қосып, ұйымшыл болып балаларға өзіміздің мәдениетімізді, домбыраны, қазақ тілін үйрету үшін орталықты аштық.
Чикаго қазақтарының алды жиырма жыл бұрын келсе, кейінгілерінің өзінің осында өмір сүріп жатқанына кемі бірнеше жыл. Мәселен Райкүл Нармаханованың жалғыз немересінің алып шаһарда білім қуып жүргеніне бес жылдан асқан. Бакалаврды бітіріп, магистратураға түскен немересін оқуынан үзбейін деп, жаңа түскен келінін өзі мұхит асып әкеліп беріпті.
Райкүл Нармаханова:
Сөйтіп баламды үйлендіру үшін Қазақстаннан қыз әкелдім. Бір ай болды үйленгеніне. Ауылда беташар тойын жасап, құдалығын жасап, сөйтіп келін екеуіміз осы жаққа келдік.
Мұнда мерекелік шаралардан бөлек қазақ тілі, шахмат және домбыра сабақтары өтіп тұрады. Бірақ тұрақты емес. Себебі шалғайлау жерде орналасқан орталыққа келіп-кету көп ата-ана үшін қиындық тудырады. Сондықтан белсенділер қаладан үлкендеу ғимаратты жалға алып, орталықты сонда көшіруді жоспарлап отыр.
Жалғас Сәдібекұлы