Жылына 1 млн 250 мың тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылына 1 млн 250 мың тонна полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы басталды

11.09.2024

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің батысында мұнай-газ-химия өнеркісібі кластерін дамыту жөнінде тапсырма берді. Осы орайда бүгін Атырау облысында жылына 1 млн 250 мың тонна полиэтилен өндіруге қауқарлы жаңа зауыттың құрылысы басталды. Жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК шетелдік серіктестерімен бірлесе отырып жүзеге асырады.

Бүгін алғашқы қадасы қағылған жаңа зауыт – елімізде өңдеу өнеркәсібіндегі ең ауқымды жобалардың бірі болмақ. Оған 7,4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып отыр. Сонымен қатар отандық өнімді ішкі нарықпен қатар, шетелдерге экспорттауға мүмкіндік туады.

Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Полиэтилен бойынша бастапқы құрылыс жұмыстарын бастадық. Полиэтилен жобасындағы ең үлкен, ең ірі габаритті колонна бар. Сол екеуі «АтырауНефтеМашқа»  берілді бүгін. Келісімшартқа қол қойылды. Әлемде бұл өнімді шығару мөлшері 120 млн тонна. Яғни біз 1 млн 250 мың шығарсақ 1 пайызға жуығын біз қамтамасыз етеміз.

Жоба аясында отандық өңдірушілердің форумы өтті. 100-ден астам компания өкілдері болашақ зауыт құрылысының жұмыс жоспары және жабдықтарға қойылатын талаптарымен толық танысты. Жобаның мердігер компаниялары қазақстандық «АтырауНефтеМаш» компаниясымен ірі габаритті жабдықтар өндіру туралы, сондай-ақ Қазақстан машина жасау одағымен және Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталықпен өзара келісімдерге қол қойды.

Ерқанат Маканов, Қазақстан машина жасаушылар одағы төрағасының орынбасары:

Бүгін келісімге қол қойдық. «АтырауНефтеМаш» бір жобаға қатысайын деп жатыр. Ары қарай басқа кәсіпорын мен компанияларды қатыстыруды жоспарлаймыз.

Жоспар бойынша кәсіпорын полиэтиленнің 22 түрін шығарады. Оның 40 пайызы жоғары сапалы санатқа жатады. Құрылыс кезінде жұмысшы саны 8 мыңға дейін көбеймек. Зауыт іске қосылғасын 800-дей адам тұрақты жұмыспен қамтылады.


Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу