Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеті мемлекеттің жаңадан тағайындалған елшілерімен кездесті. Испания корольдігі мен Эстония, Өзбекстан, Судан, Руанда, Доминикан мен Маврикий республикаларының дипломаттары мемлекет басшысына сенім грамоталарын табыстады.
Бұл елдері үміт артып, қызметпен Қазақстанға жіберілген дипломаттар. Оларға көрсетілген құрмет Президенттерге жасалатын сән-салтанаттан кем емес. Көк кілем жайылып, сап түзеген сарбаздар мен оркестр меймандарды қарсы алды. Елшілер алдымен қазақтың рәміздеріне құрмет көрсетіп, кейін рәсім өтетін залға қарай беттеді.
Мұнда Испания корольдігі мен Эстония, Өзбекстан, Судан, Руанда, Доминикан мен Маврикий республикаларының дипломаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жақынырақ танысып, сенім грамоталырын табыстады. Бұл елордаға уақытша қоныс аударған елшілердің дипломатиялық миссиялары ресми түрде басталды деген сөз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан сыртқы саясатында бейбітшілікті жақтайды, БҰҰ Жарғысының қағидаттарын берік ұстанады және халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым ашық. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық кеңістіктегі орнын ешқандай құрылым алмастыра алмайтынына нық сенімдіміз. Бұл бірегей ұйымды әрқашан қолдаймыз. Осы орайда сіздердің елдеріңізбен екіжақты қарым-қатынасты, сондай-ақ көпжақты деңгейдегі байланыстарды дамытуға ниеттіміз.
Иә, жеті елдің Қазақстан үшін өз орны бар. Испания ірі инвестор, өзге елдермен де байланыс қашаннан жолға қойылған. Енді алыс-беріс пен барыс-келісті жандандырып, қарым-қатынасты күшейту қажет. Бұл ретте елшілердің еңбегі қажет.
Луис Мартинес Монтес, Испания корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі:
Өте қуаныштымын. Менің ендігі міндетін елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті арттыру. Президентпен кездескен кезде Испания патшайымының сәлемін де жеткіздім.
Мұхаммед Әл-Газали, Судан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі:
Қазақстан Президентіне сенім грамотасын табыстау мен үшін үлкен мәртебе. Сіздермен жан-жақты байланыс орнатуға мүдделіміз. Әсіресе электронды технологиялар саласындағы жетістіктеріңізді ерекше бағалаймыз.
Бұдан соң Мемлекет басшысы елшілермен естелік суретке түсті. Әрі оларды дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған жұмыстарына табыс тіледі.
Досжан Маратұлы