Ақтөбе облысының екі ауылында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға 72 үйдің кілті табысталды. Оның 51-і Ырғыз ауылында, 21-і Темір ауданының Құмсай елдімекенінде. Құрылыс 3 ай ішінде аяқталды.
Бұл Ырғыз ауданы тұрғындарының қуанышы. Бұған дейін тұрғындардың кейбірі туыстарының үйінде тұрса, басқалары эвакуациялық пунктті паналап келген еді. Енді олар жайлы коммуникациялық желілерге қосылған жаңа үйлерге қоныстанып жатыр. Жалпы, Ырғыз ауданы бойынша барлығы 120 үй салынып жатыр. 41 тұрғын екінші нарықтағы үйлерді сатып алса, 7 отбасыға баспаналарын жөндеу үшін қаржы бөлінді.
Қуантай Ахметов, Ырғыз ауылының тұрғыны:
Жаздай еңбек етіп күні-түні жүрген азаматтарға ерекше алғыс. Мына үй жақсы, бөлмелері кең, ерекше ұнады. Терезелері үлкен. Іші жабдықталған. Өте қуаныштымыз.
Су тасқынынан зардап шеккен Темір ауданындағы Құмсай ауылы тұрғындары да жаңа үйдің кілтін алды. Мұнда 21 отбасы қоныс тойын тойлайды. Ауданы 80 шаршы метр 3 бөлмелі баспаналар тұрғындардың ортақ шешімімен ауылдың биік жеріне салынды.
Гүлзада Жұмабекқызы, Құмсай ауылының тұрғыны:
Кішкене жаз үй салып, сонда тұрдық. Көп адам осы күнге дейін тоңып, шаршап будкада отырды.
Талғат Камилов, мердігер мекеме өкілі:
Құрылыс материалдарының жақсысын салдық. Халық осындай жағдайға түсіп тұрғаннан кейін, ештеңені үнемделген жоқпыз. Барлығын салып бердік.Үйге газ, су, жарық, жылу барлығын жүргіздік.
Темір ауданында 98 үй суға кеткен еді. Бағалау жұмыстарынан кейін 224 млн теңгеден астам қаржыға 41 үй жөнделді. 36 отбасыға дайын баспана сатып алынды. Жалпы облыс бойынша 350 жаңа үй табысталды. Қалған 150 баспананың құрылысы аяқталуға жақын.
Жақсыбек Кемал