
Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында астан уланған оқушылардың саны 500-ге жуықтады. Балалар мектеп асханасында тамақтанған соң, өздерін жайсыз сезінген. Аудандық емханаға әлі де жүгініп жатқан оқушылар бар. Ал Ақтау қаласындағы облыстық жұқпалы аурулар бөлімшесінде 83 бала ем алуда. Аягөз Оралбайқызы оқиғаның мән-жайын тарқатып айтады.
Жаппай астан улану дерегі Бесшоқы ауылындағы нөмірі 8-жалпы білім беру мектебінде болды. Өткен жұма күні бастауыш сыныптың оқушылары әдеттегідей мектептің асханасында тегін тамақ ішкен. Алайда сол күні кештен бастап оқушылардың дене қызуы көтеріліп, іштері ауырып, дәрігерлерге жүгінген.
Светлана Масатаева, Бесшоқы ауылының тұрғыны:
Бесінші күні сол тамақтан уланды. Үлкен қызым кешке бастап ауырған іші кетіп, құсып ауруханаға түскенбіз. Түнда екінші қызым ауырып бастады.
Өткен сенбі және жексенбі күндері уланған оқушылардың саны -300 ге жетті. Ал бүгінгі ресми мәліметке сүйенсек, 460 науқас бала тіркелген. Аудандық емханаға әлі де медициналық көмекке жүгініп жатқандар бар. Ал, жағдайлары ауырлары облыстық жұқпалы аурулар бөлімшесіне жіберілуде.
Бекболат Ізбасаров, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Балалар ауруханаға түскен кезде тағамдық токсикалық белгілермен түскен болатын. Яғни, іш ауруы, құсу, жүрек айнуы және іш өту белгілерімен түскен болатын. Оқушылардың барлығы консервативті ем қабылдап жатыр. яғни, антибактериалды терапия сонымен қатар, деградациялық ем қабылдап жатыр.
Осы оқиғадан кейін санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары мектеп асханасындағы тағамдардан тиісті сынамалар алған. Зерттеу қорытындысы ертең белгілі болмақ.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Қазір біз балалар ас ішкен асханаға келдік. Міне есігі тарс жабық тұр. Бүгін мұнда оқушылар ыстық тамақ ішіп жатқан жоқ. Себебі мектеп директорының айтуынша, тергеу кезінде асхана уақытша 5 күнге жабылған.
Мектеп директорының айтуынша сол күні асханада бастауыш сыныптардың 807 оқушысы тамақ ішкен. Асхана меңгерушісіне қатысты қандайда бір шешім қабылдау үшін, сараптамалардың нәтижесі қажет, - дейді ол. Ал, асханаға жауапты «Шакенова Д» жеке кәсіпкерімен алдағы 3 жылға келісімшарт жасалған.
Тойлыбай Аймағанбетов, №8-жалпы білім беру мектебінің директоры:
Кәсіпкер енді 9 жылдан бері менің алдымдағы басшылармен де жұмыстас болған. 9 жылдан бері 3 жыл сайын конкурс тендерге түсіп, өзі жеңіп алып келе жатыр. Енді 5 күнге дейін осы асханамызды жауып қойды, алда осы басшылармен келісіп, көре жатамыз.
Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен бірлескен тергеу тобы құрылды. Қылмыстық іс облыс прокурорнының қадағалауында.
Аягөз Оралбайқызы
