Көшпенділер ойындары аясында өткен қазақ күресінде сегіз салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды. Жарысқа келген 90-ға жуық елдің 40-ы қазақ күресіне қатысатын балуандар баптап әкелген. Дүбірлі додада қазақ елінің балуандары ел қоржынына 8 алтын алды. Бүгінгі ойындарға тілшіміз Ақмаржан Ғафизқызы шолу жасайды.
Қазақ күресінен алғаш болып ерлер арасында 55 келі салмақта Бекжан Төлепов жеңімпаз атанды. Ол қырғызстандық балуанмен белдесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ол бұған дейін 2022 жылы астанада өткен әлем чемпионатында көк туымызды желбіреткен. Бүгінде алтынды уыстан шығармау үшін барын салды.
Ал әйелдер арасында алғашқы алтынды ел қоржынына 48 келі салмақтағы спортшымыз Айжан Жылқыбаева салды. Ол финалда қырғызстандық қарсыласы Лиуза Асакеевадан айласын асырды.
Ұлттық құндылығымыз әрі төл спортымыз – қазақ күресі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ең көп қатысушы тіркелген спорт түрлерінің бірі. Оған шетелдік спортшылар да аса қызығушылықпен қарайды.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатқан жарыс ертең де жалғасады. Екі күн бойы 274 балуан өнер көрсетеді. Жалпы бүгін 8 салмақта өзара бақ сынасқан спортшылар арасында 8 алтын, 8 күміс, 16 қола жүлде сарапқа салынды. Айта кетейік, жалпы көшпенділер ойындарының алғашқы жарыс күнінде ұлттық құрама мүшелері бірнеше спорт түрінен алтын, күміс, қола еншіледі. Аударыспақ пен садақ ату және жамбы атудан спортшыларымыздың асығы алшысынан түсті. Жалпы медаль саны - 25. Оның 14-і алтын, үшеуі күміс, сегізі қола.
Ақмаржан Ғафизқызы