Өзбекстанда кешенді әлеуметтік көмек беру жайы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда кешенді әлеуметтік көмек беру жайы талқыланды

09.09.2024

Орта Азия елдерінде кедейлікті азайту, түрлі қиындыққа тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсету. Ташкентте осы мәселелерге арналған халықаралық жиын өтті. Ерекше форматтағы форум жұмысына қазақстандық өкілдер де қатысып, саладағы проблемалар бойынша тәжірибе алмасты.

Әлеуметтік саладағы проблемаларды шешуде түрлі қызмет көрсетудің рөлі маңызды. Негізгі мақсат осы әлеуметтік қызметтердің тиімділігін арттыру. Оның ішінде, отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына, мүгедектер мен қарт кісілерге ерекше назар аудару жайы баса айтылды.

Фарида Сағындық - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы отбасыларды қолдау жобасының жетекшісі:

Қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс жасау, оларға кешенді түрде көмек беру елімізде жаңа тұрғыдан алғанда көмектің бір түрі деп айтуға болады, қазір бізде 40-қа жуық осындай орталық ашылған, келесі жылдың соңына дейін әр өңірде әр ауданда ондай орталықтар ашлуы тиіс.

Әлеуметтік қорғау саласы заман талабына сай жаңғырып отыруы тиіс. Бұл ретте көптеген шаруа заңнамалық тұрғыдан жүйеленіп келеді. Алда атқарылатын шаруа шаш етектен. Толықтай цифрландыру, әдістемелік жағынан үйлестіру сынды жаңашылдықтар жүзеге аспақ.

Азамат Жаманшинов - ЮНИСЕФ- Қазақстан балаларды қорғау бағдарламасының үйлестірушісі:

Форумның мақсаты әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы жұмыстарды дамыту. ЮНИСЕФ ұйымы аясында әсіресе бала құқығының қорғалуын қамтамасыз ету. Орталық Азиядағы тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік қызмет көрсетуді жақсарту бойынша түрлі ұсыныстар әзірленетін болады.

Форум сонымен қатар Колумбия университеті жанындағы әлеуметтік жұмыс мектебімен бірлесіп құрылған әлеуметтік ахуалды нығайту орталығы мен аймақтағы өзге де кезек күттірмейтін мәселелерді шешу үшін түрлі серіктестермен ынтымақтаса жұмыс істеуді қарастырады.

Фарида Сағындық - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы отбасыларды қолдау жобасының жетекшісі:

Мен үшін бұл үлкен бағыт біздің елімізде құрылып жатқан және бүгінгі форум негізінде өте қызықты олардың тәжірибесімен алмасу яғни елдің ішінде ғана емес Колумбия университетімен де ЮНИСЕФ пен де жұмыс жасап жатыр.

Қатысушылар балаларды қорғау және әл-ауқатын жақсарту стратегияларына қанықты. Еуропа елдеріндегі бала құқығы бойынша үздік тәжірибеден алынған сабақтар мен өзге де платформалар ұсынылды. Әлеуметтік осал топқа қамқорлықты жетілдіру жалғаса бермек.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу