V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды

09.09.2024

Әлем назары ауған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды. Дүбірлі доданының шымылдығы «Астана-Арена» стадионында түріліп, салтанатты шараны мыңдаған көрермен тамашалады. Шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыртуымен келген бірнеше елдің президенті мен беделді ұйымдардың басшылары қатысты. Әлемнің 19 телеарнасы тікелей эфирде көрсеткен ашылу салтанаты жайлы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

Баршаңыз қазақ жеріне қош келдіңіздер! Бұл әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шара. Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына зор ризашылығымды білдіремін.

Мемлекет басшысы байрақты бәсекенің ашылу салтанатын тамашалауға келген Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Саха Республикаларының басшыларына осылай ілтитап білдірді. Сондай-ақ Көшпенділер ойындары бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек

Салтанатты шараға сондай-ақ Дүнижүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, ЮНЕСКО, БҰҰ, ТҮРКСОЙ сынды біршама беделді ұйым өкілдері қатысты. Ұлы дала дүбірі дәстүрлі түрде спорт делегацияларының шеруінен басталды.

Нұрсұлтан Тілектес – Тілші:

Міне, V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ресми түрде ашылды. Дүбірлі додаға қатысуға әлемнің 89 елінен 2500-ге жуық спортшы мен арнайы делегация өкілдері келген. Осы бір байрақты бәсекенің ашылу салтанатын тамашалауға келгендердің саны өте көп. Нақтырақ айтсақ, 30 мың жанкүйер сыйып кететін «Астана-Аренада» ине шаншар орын қалмады.

Делегациялар шеруі таңғажайып шоуға ұласты. Көрерменге көз тартар сахналық көріністер мен мультимедиялық дизайн қолданылған 2 сағаттық музылакалық-театрландырылған қойылым ұсынылды. Әлем көз тіккен ауқымды шараға 3 мыңға жуық өнерпаз қатысты. Олар төрткүл дүниені жайлаған көшпенділер өркениетінің бай мәдениеті мен тағылымды тарихын және салт-дәстүрін паш етті.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын әлемнің 19 телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Олардың арасында «Қазақстан» Ұлттық арнасы, «Қызспорт», Түркияның TRT AVAZ арнасы, Қырғызстанның 5 телеарнасы, халықаралық «Мир», «Мир 24» арналары, Ресейдің «Старт LIVE» спорт арнасы, Татарстанның «ТНВ Қазан» телеарнасы, Өзбекстан мен Түркіменстанның мемлекеттік арналары бар. Енді алдағы 5 күн бойы спорттың 21 түрінен жарыстар ұйымдастырылып, спортшылар 97 медаль жиынтығын өзараға сарапқа салады.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу