Қазақстан Сербияға шикізаттық емес тауарларды жеткізуді 500 млн долларға арттыруға дайын. Сондай-ақ, қос ел тікелей әуе рейстерін ашуға ынталы. Бұл туралы тараптар Белградта өткен «Қазақстан-Сербия»үкіметаралық комиссиясының 3-отырысында мәлімдеді. Жиынға қазақстандық делегацияны Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бастап барды. Басқосуда екіжақты қатынасты тереңдету, ортақ жобаларды жүзеге асыру жайы талқыланды.
Сербия-Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды сауда серіктесі. Былтыр өзара сауда айналымы 91,2 млн долларды құрады. Сербтер Қазақстанға картон, алюминий өнімдері мен дәрі-дәрмек тасымалдап отыр. Ал, біздің ел Сербияға ағаштан жасалған бұйымдар, өндіріске қажетті құрал-жабдық пен ауыл-шаруашылығы тауарларын экспорттайды. Өткен жылы қазақстандық экспорт 38,7 пайызға өскен. Басқосуда Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстан биыл да Сербияға бұршақ, қарақұмық, жарма мен бидай, ет пен сүт өнімдерін тасымалдауды ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Сербия мен Қазақстан қатынасы қарқынды дамып келеді. Елдеріміз арасында тікелей әуе рейсін ашу-Сербияның Еуропаға көлік хабы болуына мүмкіндік береді. Біз Қазақстан мен Қытайдан Сербияға және одан әрі Еуропа елдеріне жүк тасымалы үшін транзитті дамытуға мүдделіміз. Осы мақсатта Сіздерге Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз.
Сербия үкіметі Қазақстанмен ауылшаруашылығы, ғарыш салаларына сандық технология енгізіп, әскери-техникалық, әскери-экономикалық ынтымақты күшейтуге ниетті. Сондай-ақ, фармацевтика өнеркәсібі мен инфрақұрылымды дамыту жобаларын бірігіп жүзеге асыруға бейіл.
Ивица Дачич, Сербия Премьер-Министрінің орынбасары, ішкі істер министрі:
Қазақстан үкіметіне Сербияның территориалды тұтастығын қолдағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Сербия Президенті Александр Вучичтің Қазақстанға сапарынан кейін жыл соңына дейін президент Вучичтің шақыруымен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та елімізге келеді деп үлкен қуанышпен күтеміз. "Бұл біздің саяси, экономикалық, басқа да қатынастарымыздың дамуы үшін үлкен жетістік болар еді.
Сербия үкіметі Қазақстанның EXPO көрмесін ұйымдастыру тәжіриебесін де игеруге ниетті. Серік Жұманғарин сербиялық әріптесіне 2027-жылы Белградта өтетін EXPO көрмесіне Қазақстан қатысатынын растады. Екі елдің вице-Премьерлері басқосу соңында сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Тараптар маңызды құжат-екі ел қатынасына тың серпін береді деген сенімде.
Нұрсұлу Қасым