Президент 2 қыркүйектегі жолдауында үшауысымды мектептер мен жөндеуді қажет ететін білім ордаларының мәселелерін 3 жыл ішінде түбегейлі шешу керек деді. Атырау қаласында кестеден кешігіп, жөндеу жұмыстары сағызша созылған бірнеше мектеп бар. Ал бұл өз кезегінде ата-анаға да, балаға да қолайсыздық туғызып отыр. Меншікті тілшіміз Нұрсұлтан Нұрсейіт мәселенің мән-жайын анықтап көрді.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Бұл қаладағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан №4 Гагарин атындағы орта мектеп. Жалпы мұндағы барлық жұмыстар 15 қыркүйекте аяқталуы тиіс еді. Алайда бітпейтін сыңайлы. Барлық жұмыстарды бітіруге шамамен 2 ай уақыт керек.
Мұндағы жұмыстар осыдан 4 ай бұрын басталған. Жауапты мердігер Алматылық компания. Алғашында білек сыбана кіріскенімен кейін құрылыс баяулаған. Оның өзіндік себептері бар дейді мекеме өкілі.
Қанатбек Егембердиев, мердігер мекеме өкілі:
Паводкінің кезінде рабочий бригада аз болды. Материалдар болмады. Бәрін су басады дегесін Атырау қаласынан материалдар сыртқа шығарылған екен.
Қалай болғанда да нысан уақытында пайдалануға берілмейін деп тұр. Бұдан бөлек жабылғанына 2 жыл болып, сақалды құрылыс атанған тағы бір мектеп бар. Ол №19-шы Қаныш Сәтбаев атындағы білім ордасы. Мұндағы жұмыстар әлі шала. Спортзал, мектеп ауласы, бірінші қабат жайрап жатыр.
Оқушылар екі ғимаратқа бөлініп сабақтарын жалғастыруда. Бастауыш сыныптағылар іргедегі №3-ші мектепке барады. Ал қалғандары Алаш мектебіне орналастырылған. Нұрлыгүл Жұбауова екі бірдей баласын осында апарады. Бірақ ғимаратқа көңілі толмайды.
Нұрлыгүл Жұбауова. ата-ана:
Жазда ыстық, қыста салқындау болады. Балаларға қолайсыздау. Коридорлары да шара ұйымдастыруға өте ыңғайсыз. Өздерінің кең мектептеріне барғанын қалаймыз ата-ана ретінде.
Толқын Мұқашева, №19 Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп директорының орынбасары:
Алаш мектебінде бізге беріліп отырған 12 кабинет ғана. Сол 12 кабинетке қазір үш мезгіл оқуға тура келіп тұр. Мына кабинеттердің тарлығы сол түстен кейінгі уақытта терезе ашуға ешқандай мүмкіндік жоқ, балалардың демалысына өте қиындық туғызып отыр.
Білім басқармасы жауапсыз мердігерлерді сотқа беруге мәжбүр болған. Сырттан келіп тендер ұтқандардың не техникасы, не материалдық базасы жоқ. Кейін жұмысқа қосымша мердігер тартқаны белгілі болды. Енді олар нысанды тапсыруға жанталасып әуре. Ал үшауысымды білім ордаларының мәселесі алдағы уақытта шешімін таппақ. Өйткені қазір қалада бірден 12 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Айнагүл Дүйсекенова, қалалық білім бөлімінің басшысы:
Осы білім ордаларын алған мердігер компанияларды барынша толық жауапкершілікке тартып жатырмыз. Өйткені алдағы уақытта жосықсыз мердігерлерді білім ордаларындағы жөндеу жұмыстарынан алшақтату туралы өз ұсынымызды прокуратураға және әкімдікке, т.б. органдарға жолдап отырмыз.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Қазір Атырауда 4 мектеп апатты деп танылды. Болашақта олардың орнына 4 жайлы мектеп бой көтермек. Жалпы қала бойынша күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер әлі де бар. Енді оларды реновация бағдарламасы негізінде 2029 жылдарға дейін бітіру көзделген.
Нұрсұлтан Нұрсейіт