Көшпенділер ойындарына шетелдік меймандар Астанаға келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көшпенділер ойындарына шетелдік меймандар Астанаға келді

07.09.2024

Көшпенділер ойындарына шетелдік меймандардың алды Астанаға келіп алды. Бірі автобуспен, енді бірі велосипедпен жеткен. Әріптесім Арай Төлеген шетелдік меймандармен тілдесіп келді.

Сара Харви мен Бренда Фердан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын тамашалауға арнайы келген. Қос құрбы алғаш рет елімізге былтыр сапар шеккен. Спорттық шара өтетіні туралы сол кезде естиді. Бір қызығы, Сара Австралияда, ал Бренда Канадада тұрады. Олар көшпенділер ойындарына бірге келу туралы шешім қабылдайды. Жоспарының жүзеге асқанына екеуі де қуанышты.

Сара Харви, Австралиядан келген турист:

Мені көшпенділер мәдениеті өте қызықтырады. Қазақстан, Ұлы дала тұлғалары, көшпенділер туралы көп оқыдым. Әлі де үйренерім көп. Оның үстіне Қазақстан маған ұнайды. Өте әдемі ел, халқы қонақжай.

Бренда Фердан, Канададан келген турист:

Мен тарихты жақсы көрем. Еліңіздің тарихы терең. Ал спорттық шара барысында бұрын-соңды көрмеген, дәстүрлі, ерекше ойын түрлеріне куә болатыным қуантады.

 Ал қырғызстандық Мамыт Таштанов Бішкектен Астанаға велосипедтпен жетті. Жолға 23 күн кеткен. Мейман шара жоғары деңгейде өтетіні қазірден бастап сезіледі дейді.

Мамыт Таштанов, Қырғызстаннан келген турист:

Көшпенділер ойындарына мен 5-рет қатысып отырмын. Жетелеп алып көрсетеді.

Шотландиялық Дэвид Госман болса, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан әдемі фотокадрлар жинауға келген фотожурналист. Тек ойындармен шектелмей, еліміздің көрнекті, тарихи және мәдени орындарын аралау жоспарын да бөлісті.

Дэвид Госман, Шотландиядан келген турист:

Орталық Азияға келуді көптен бері армандап жүр едім. Өңірге сапарды Қазақстаннан бастап тұрмын. Этникалық спорт түрлері маған өте қызық. Жергілікті мәдениет, ұлттық тағамдар, адамдар – барлығы мен ойлағаннан да керемет.

Орталық Азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген спорттық жарыстарды өз көзімен көруге ниет танытқан жандар арасында даниялық Андреас Або да бар.

Андреас Або, Даниядан келген турист:

Мен тарихы және мәдениеті бай елдерге саяхаттағанды ұнатам. Оған Көшпенділер ойындары арқылы куә болғым келді. Қазақстан өте ұнап жатыр.

Ал Матье мен оның достары Халықаралық спорт жарыстарына Франциядан келген. Орталық Азия елдерінің тарихы мен мәдениеті оларды әркез қызықтырған.

Матье Бернар, Франциядан келген турист:

Достарымызбен бірге Қазақстанға келуді көптен жоспарлап жүр едік. Көшпенділер ойындарына келу арқылы арманымыз жүзеге асты.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қонақтар әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Халықаралық спорттық шараны 100 мыңдай турист тамашаламақ.


Хабарламаларға жазылу