«Көшпенділер Әлемі» этноауылы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Көшпенділер Әлемі» этноауылы ашылды

07.09.2024

Елорда іргесінде «Көшпенділер Әлемі» этноауылы ашылды. Ашық аспан астындағы мәдени кешенге келген әр адам, қазақ халқының бай рухани әлеміне еніп, көшпенді халықтардың мәдениетімен танысады. Алаңға еліміздің 20 өңірінен арнайы киіз үй тігілген. Толығырақ Ақмаржан Ғафизқызы тарқатады.

Тайқазан тек қазақтарға ғана емес, тұтас түркі жұртына қастерлі. Этноауылдың басты нышаны да – сол. Оған Қазақстанның 20 өңірінен арнайы әкелінген киелі су құйылған. Бұл береке мен бірліктің белгісі. Салтанатты шарада шаттық керуені жүріп өтті.

Этноауылдың жалпы аумағы 10 гектар. Көшпенділер мәдениетімен көмкерілген қазақ ауылында салт-дәстүріміз дәріптелетін арнайы алаңдар құрылған. Ежелгі батырларымыздың бейнесін сомдаған әртістер де осында жүр. Одан бөлек, 3200 өнерпаз күнделікті мәдени бағдарламаларын ұсынады. Келушілер, айтыс тамашалап, көшпелі өркениеттер мұражайын аралай алады. Қолөнер шеберлерінің түрлі бұйымдарын көріп қана қоймай, үйренуге мүмкіндік бар.

Кеңес Жұмабеков, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Қамшы өріп отырмын. Ер жасаймыз мінекей. Қазақтың ұмтылып бара жатқан салт-дәстүрін қайтадан қайтарып, ұрпағымызға үйретіп жатырмыз. Өйткені бұл қазақ халқы бар уақытта бабамыздан қалған салт-дәстүр еш уақытта ұмытылмау керек. Түркі жұртының ғана емес күллі құрлықтың басын қосқан көшпенділер ойыны тігін шеберлерін де бір арнаға тоғыстырды. Мәселен, 20 өңірдің тігіншілері 400-ден астам құрақ көрпе тігіп, Гиннестің рекордтар кітабына кіруден үмітті.

Маңғыстау облысының тұрғыны

Аламан құрақ деген құрақшылардың жобасы. Ертең 450 көрпе бір қолдан шыққандай қазақтың ауызбіршілігін көрсетіп, кеңпейілділігін көрсетеді, қонақжайлылығын көрсетеді.

Этноауыл күніне 30 мыңға дейін келушіні қабылдай алады. Алты күн бойы базары тарқамайтын бұл аумақта 100-ден астам мәдени іс-шара мен 5 спорт түрінен жарыс өтеді.

Этноауыл іргесінде орналасқан дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін нысанның бірі осы - Қазаннат ипподромы. 10 мың адам ойынды емін-еркін тамашалай алатын бұл жерде ат спорты жарыстары өтеді. Ал қала қонақтары және тұрғындар спорттық нысандарға арнайы автобустармен қатынайды. Жалпы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Елорадада бес этноауыл бой көтерді.

 Ақмаржан Ғафизқызы 

Хабарламаларға жазылу