8 қыркүйекте V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

8 қыркүйекте V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтеді

06.09.2024

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты жексенбі, ал ойындар дүйсенбіден басталады. Жарыстар қандай нысандарда өтеді және билеттерді қайдан алуға болады? Жалпы, үлкен шараға қаланың дайындығы қалай? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес анықтап көрді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Екі күннен кейін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. 2014 жылдан бері әр екі жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан дүбірлі дода, биыл Астана төрінде жалауын көтереді. Жарыстарды өткізу жөніндегі штаб мүшелері елорданың коммуналдық, медициналық, полиция және өрт сөндіру қызметтерінің дайындығы мен жарыстар өтетін нысандарды тексерді. Қала шараны өткізуге сақадай-сай. Сайыстың ашылу салтанаты «Астана-Аренада» стадионында сағат нешеде басталады? Онда концерттік шара ұйымдастырылып, 3 мыңға жуық өнерпаз өнер көрсетеді. Ал, жарыстар 9 қыркүйек күні басталады. 5 күнге созылатын сайыстар 4 негізгі нысанда өтеді. Атап айтсақ, «Қазанат ипподромында» бәйге түрлері мен көкпар өтеді. Ипподром жанындағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде және «Этноауылда» дәстүрлі садақ ату, құс салу, аударыспақ, теңге ілу және жамбы атудан спортшылар сынға түседі. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресі мен алыш спорт түрінен жарыстар өтеді. «Алау» мұз айдынында кураш, арқан тартыс, асық ату, ордо сынды спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ «Думан» қонақ үйінде спортшылар тоғызқұмалақ және овариден өзара бақталасады. Өтетін уақыттары Көшпенділер ойындарынның сайтында жазылған. Билеттерді де осы сайттан «Worldnomadgames.kz» алуға болады. Билеттердің бағасы спорт түріне қарай 500 теңге мен 15 мың теңге аралығында. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, оқушыларға жеңілдіктер бар. Сонымен Көшпенділер ойынына 89 елден 2 430 спортшы. 560 спорттық ат пен 45-ке жуық құс қатысады екен. Олар спорттың 21 түрінен 97 медальді сарапқа салады. Тағы бір қызық деректі айта кетейін, TikTok қосымшасы «V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына» арнайы парақша ашады. Сондай-ақ, TikTok-та жарыстан тікелей эфирге шығуа болады. Бұл түркі тілдес елдердің түкпір-түкпіріндегі жарысты тамашалағасы келетіндердің спорттық іс-шараға виртуалды түрде қатыса алуы үшін жасалып отыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу