Астанада өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына көршілес Өзбекстаннан қатысатын спортшылар соңғы дайындықты пысықтау үстінде. Санаулы күндерден соң басталатын аламанда бауырлас елден 120-ға тарта сайыскер спорттың 14 түрінен бақ сынайды.Ұлттық құрама өкілдері жүлделі орындардан көрінуге ниетті.
Он жылдан бері ат спортымен айналысатын Мумина соңғы екі жылда ат үстінде отырып садақ ату бағытына машықтанған. Мұның алдында түрік елінің Бурса қаласында өткен көшпенділер ойынына осы спорт түрінен қатысқан. «Одан бергі уақытта шеберлігімді шыңдадым, Астанада өтетін ойындарға тас түйін әзірмін» дейді спортшы ару.
Мумина Даминова, спортшы:
Бұл көшпенділер ойыны өте ауқымды сайыс, түркі халықтарының олимпиадасы десек те болады. Ұлттық сайыстарда бақ сынау мен үшін үлкен мәртебе. Кіл мықтылар келері сөзсіз, сондықтан жеңіс үшін барымызды саламыз.
Мумина жалғыз емес, ат құлағында ойнап, нысана көздейтін үш ару ұлттық ойындар сайысына бірге барып қатыспақ. Ат үстінде отырып садақ ату, нысанаға дәл тигізу оңай емес, алайда қиындықта шыңдалған қыздарды осындай сайыстар жігерлендіре түседі
Амина Ахметжанова, спортшы:
Соңғы екі айда ат спорты федерациясына келіп күн сайын жаттығу жасадық. Сайыс өте қызу өтеді, соған сай дайындығымыз да осал емес.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысатын спортшылар құрамы бірнеше ай бұрын жасақталған. Нағыз мықтыны анықтау үшін жергілікті командалар арасында түрлі жарыстар өткізілді. Сайыс бағдарламасында спорттың ондаған түрінен жарыс ұйымдастырылса, арасында Өзбекстанда кең таралған жекпе-жек, ат спорты, садақ ату мен арқан тарту бар.
Орхан Кападзе, Өзбекстан этноспорт қауымдастығының бас хатшысы:
Мұнан бөлек көкпар, қазақ күресі мен өзбек курашы секілді жарыс түрлеріне тыңғылықты дайындалдық. Өзбекстан дүниежүзілік көшпенділер ойыны басталғалы бері тұрақты түрде қатысып келеді. Спортшыларымыз халықаралық сайыстан жүлдесіз қайтпаған, негізінен күрес аламанында талай олжа салған саңлақтарымыз бар.
Бауырлас елдің ұлттық құрамасы бұл жолы да жүлделі орындарға таласамыз деп отыр. Спортшылар алдағы сенбіде Астанаға жол тартпақ.
Базаркүл Отыншиева