Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры көршілес Өзбекстанға гастрольдік сапармен барды. Бауырлас елдегі қандастарымыз алты күн бойы классикалық қойылымдарды тамашалайды. Бұл күндері өнер ұжымы Ташкент пен Нөкіс қалаларында болып көрерменді төл өнермен сусындатып жүр.
Театр ұжымының репертуарындағы таңдаулы шығарманың бірі «Қорқыттың көрі» драмасы көрерменді бірден баурап алды. Залға жиналған халық демін ішіне тартып аңыз тұлғаның өмірі жайлы қойылымды тамашалады. Басты ролдегі актер Дулыға Ақмолданың Қорқыт образын шебер сомдағаны елді тәнті қылды.
Дулыға Ақмолда – актер:
Қорқыттың атының өзі пәлсапаға сұранып тұрған нәрсе ғой, тек қазақтың емес түркітілдес халықтардың ортақ символы, өнер десе Қорқыт бірге айтылатын символдық дүние деп айтуға болады. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген бұл жалпы адамзат баласына айтылған үндеу ғой мен өзім сөйтіп ұғам.
Қойылымның авторы Иран Ғайып, ал сахнаға алып шыққан литвалық режиссер Йонас Вайткус. Әлемдік деңгейдегі маман бұл драманы халыққа шынайы жеткізу үшін аз тер төкпеген. Оны әртістер де айтып отыр.
Бекжан Тұрыс – актер:
Бүкіл қазақтың тарихымен дәстүрімен мәдениетімен танысқан болатын.Мен ол кісінің жанында жүріп қазақта өлім- жітім болады ғой соған қарап отырып рұқсат сұрап беріңізші біз соны көрейік дейді, өлікті шығару дәстүрі. Сол кезде мен айтам өлікті шығару діннен емес, бұл біздің ата- дәстүр салтымыздан.
Әуезов театры 2026 жылы 100 жылдығын тойламақ. Осы мерейлі датаның құрметіне шетелдерге турне ұйымдастырып, оны бауырлас өзбек елінен бастаған. Алдағы күндері әкемтеатр 99-шы маусымын ашады. Бұл сапарды ұйымдастыру бойынша келіссөздер сәуірден бастап жасалған.
Елік Нұрсұлтанұлы - М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры директорының орынбасары:
Есік алдына концерт қойып қарсы алып жатыр оның барлығы біз үшін құрмет. Есесіне бұл кісілер де бізге гастрольдік сапармен келеді, осындай қарым қатынаста қазақ мәдениеті мен театрын өзбек мәдениеті, театрының ара қатынасы жандана береді деген ойдамыз.
Өнер ұжымы Ташкент пен Нөкіс қалаларында алты күн бойы спектакль қоюды жоспарлап отыр. Театр репертуарында Қорқыттан бөлек «Қозы Көрпеш- Баян сұлу», «Бес бойдаққа бір той» секілді классикалық дүниелер бар.
Гүлдана Хафизова - Ташкент қаласының тұрғыны:
Тез тез келіп осылай қойса қазақтар қуанып, осындай тарих бар екен деп есіне түсіп еске алады, әсіресе жастар, біз қазақ тілінде оқығанбыз.
Өзбекстанға Әуезов театрының 60 қа жуық әртісі мен 40 қа тарта техникалық маман, бас аяғы жүзге жуық адам келген. Бұдан соң театр ұжымы қырғыз еліне сапарлауды жоспарлап отыр.
Базаркүл Отыншиева