Бүгін – Қазақстан халқының тілдері күні. О баста мереке 1998 жылы бекітіліп, алғашында 22 қыркүйек күні тойланатын. 2017 жылдан бері Тілдер күні ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай 5 қыркүйекке ауыстырылды. Осы ретте ең әуезді, ең әсем тіл - қазақ тіліне деген өзге ұлт өкілдерінің айырықша қызығушылығын айта кеткен жөн. Айдана Қуантхан ойы озық, тілге шешен жастармен тілдесіп келді.
Жапон қызы Лиса қазақтың әні мен үніне ғашық. Ол ана тілімізді жетілдіру үшін бір жыл бұрын Қазақстанға арнайы келіпті. Қазір жетік меңгерген.
Лиса Екизое, қазақ тілінің жанашыры:
Сол кезде мен «Туған ел» деген әнін тыңдадым. Сөздің мағынасын түсінбедім, сол кезде мен қазақ тілі қандай әдемі деп ойладым. Сосын қазақ тілін оқығым келді. Қазақ тілінде қ, ғ деген әріп жапон, орыс тілінде жоқ. Сол себепті маған қазақ тілі ұнайды.
Лиса ұлттық аспапты үйренуге де ден қойыпты. Ол домбыраны алты айда үйреніп алған.
Ниет пен ынта біріксе, кез келген тілді меңгеруге болады. 12 жастағы Магда ана тілінен бөлек ағылшын, араб, испан, түрік, қытай тілдерінде сөйлейді.
Бес жасында өз бетімен ағылшын тілін үйренген дарынды қыз қазір қытай тілі курсына қатысып жүр. Оның өмірлік ұстанымы «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қағидамен ұштасып жатыр.
Магда Бекахметова, полиглот:
7 тіл білгендіктен, оны аптаның 7 күніне бөліп тастадым. Мысалы, дүйсенбі күні күніне бір сағат ағылшын тіліне, сейсенбі күні қытай тіліне деген сияқты. Қазір Ки-Поп деген жанр бар, трендте. Әсіресе Блэк Пинк деген топтың әндері ұнайды. Соларға қызығушылығым артып кеткеннен кейін кәріс тілін үйреніп жатырмын.
Қазір тіл үйренем деген адамға толық мүмкіндік бар. Мәселен, әлеуметтік желіде қазақша ән айтып жүрген өзге ұлт өкілдерін жиі көруге болады. Жаһан жұртын таң қалдырған Димаштың әндері де талайдың жүрегінен орын алды. Оның өнеріне тәнті, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері қазір қазақ тілін үйреніп жүр.
Қазақтың әніне сүйсінген токиолық Лиса мен жеті тілде еркін сөйлейтін Магда өнер мен тіл егіз деген ұғымды толық дәлелдеп отыр.
Айдана Қуантхан