«Таза бейсенбі» акциясы аясында бүгін «Аманат» партиясының белсенділері Шымкенттегі Жібек жолы даңғылының бойын тазартты. Жалпы тазалық шарасы басталғалы акцияға 3 мыңға жуық адам қатысқан. Қала аумағынан 15 тоннадан аса күл-қоқыс шығарылды.
Мақсат Жолдасбеков, «Amanat» партиясы Қаратау ауданы филиалының атқарушы хатшысы:
Әр жолы халықтан сұраймыз, қай жерде өткізсек деп әлеуметтік желіде. Сондай-ақ ондай жерлерге өзіміз барамыз, аралап жүріп қараймыз. Соған сәйкес азаматтарды жұмылдырып тазалап, халыққа ой салу, тазалыққа шақыру.
Шығыс Қазақстан облысында 11 мың тонна қоқыс шығарылды. Оған шамамен 13 мыңға жуық адам қатысып, бірнеше мың шаршы метр аумақ тазаланған. Тарихи ескерткіштер мен көпшілікке арналған саябақтар аумағы да жиналды.
Тәттімбет Асханұлы, «Amanat» партиясы ШҚО филиалының баспасөз хатшысы:
Өткенде ғана жағажайға байланысты өңір басшысы да бірқатар тапсырмалар берген. Жағажайды қалпына келтіру керек деп. Тұрғындардың демалатын ыңғайлы көрікті орны болу керек деген тапсырма болған. Сондықтан да осы жер таңдалып алынды.
Қызылордада «Аmanat» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы аясында теміржолшылар саябағында сенбілік өтті. Игі іске денсаулық пен мәдениет саласының қызметкерлері, белсенді жастар атсалысты. Аманаттықтар Президенттің «Таза Қазақстан» эко бастамасын қолдап, тұрғындарды да тазалық мәдениетін сақтауға шақырды.
Нұрлан Әмір, «Amanat» партиясы ҚОФ «Мейірім» бастауыш партия ұйымының төрағасы:
Осы жаздан бері әрбір бейсенбі күні «Аmanat» партиясының қолдауымен әрбір бөлінген аумаққа шығып, қоқыс тазалап жұмыс жасалып жатыр. Бұл бастама өте жақсы деп ойлаймын. Көрші тұратын тұрғындар бар, соларға да осы тазалық жөнінде түсіндірме жұмыстарын айтып жатырмыз.
Қостанайда 104 учаскеде тазалық жұмыстары жүргізілді. Төрт жүз тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында үгіт-насихат та жүргізілді. Партия өкілдері ел арасында қызу талқыланып жатқан Атом электр станциясын салу ұсынысын қоршаған ортаны ластанудан қорғаудың бір амалы деп біледі.
Самал Қабышева