Елімізде жалпы ұзындығы 1000 шақырымнан асатын теміржол салынып жатыр. Бұл – «Қазақстан темір жолы» команиясының ірі инфрақұрылымдық жобасы. Қазір өңірлердегі құрылыс алаңдарында 5 мыңға жуық адам еңбек етіп жүр. 1300-ден астам техника жұмылдырылған. Президент Жолдауында «Жобалар мерзімінде, әрі жоғары сапада аяқталуы тиіс» дегенді қадап тапсырды. Ұлтық компания бұл жүктемені орындауға дайын.
«Қазақстан темір жолы» компаниясы үш ірі инфрақұрылымдық жобаны қолға алды. Соның бірі – ұзындығы 836 шақырым болатын Достық – Мойынты учаскесі. Қазір қолданыстағы желі бойымен екінші жолдар салынуда. Қазу жұмыстары 96 пайызға аяқталып, 7 миллион текше метр жер қабаты құйылған. 550 шақырымға жуық жолға жаңа рельс пен шпал торлары төселген. Биыл екінші жолда уақытша пойыз қозғалысын екі учаскеде яғни, Мойынты – Балқаш және Бескөл – Достық бағыты бойынша ашу жоспарланып отыр.
Марат Искалиев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылыс жөніндегі басқарушы директоры:
Алматы станциясының теміржол торабын айналып өтетін айналма теміржол тармағының құрылысы белсенді жүргізілуде. Мұнда Жетіген және Қазыбек бек станцияларының жаңа бөлек пункттерін дамытуды қоса алғанда, 123 шақырым рельс – шпалдық тор төселетін болады.
Сонымен бірге, 152 шақырым болатын Дарбаза-Мақтаарал темір жолын салу үшін техника жұмылдырылды. Сарыағаш ауданы аумағында дайындық жүргізілуде. Бұл жоба Үкіметтің, Көлік министрлігі мен облыс әкімдіктерінің көмегімен жүзеге асырылып жатыр.
Марат Искалиев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылыс жөніндегі басқарушы директоры:
Темір жолдарды салу шеңберінде жаңа пункттер ашу, көпірлер мен автожол өткелдерін салу көзделген. Бұл елдің транзиттік-көліктік әлеуетін арттырып қана қоймай, барлық қатынас түрі бойынша жүктердің жаңа көлемін тартуға мүмкіндік береді.
Теміржолдың құрылыс-монтаж жұмыстарымен еліміздің мердігерлік ұйымдары айналысады. Сондай-ақ, құрылысқа қажетті: рельстер, шпалдар, өзге де материалдар қазақстандық кәсіпорындардан сатып алынбақ.
Асылбек Данияр