Тазы ежелгі қазақы ит тұқымы ретінде мойындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тазы ежелгі қазақы ит тұқымы ретінде мойындалды

04.09.2024

Бүгін қазақ тазысы үшін тарихи күн. Қазақстанға асыл тұқымды иттің иесі деген мәртебе берілді. Бұл – Халықаралық кинологиялық федерацияның алдын ала шешімі. Тазы ежелгі қазақ ит тұқымы ретінде толықтай мойындалуы үшін тағы қандай жұмыстар атқарылуы тиіс?

Тазы – ежелгі қазақы ит тұқымы. Бүгін Нидерланд астанасы Амстердамда Халықаралық кинологиялық федерацияның Бас комитеті осындай шешім шығарды.

Тамаш Яккель, Халықаралық кинологиялық федерация президенті:

Бүгін сіздердің елдеріңіз үшін де, біз үшін де тарихи күн. Тазы бүгіннен бастап әлем бойынша мойындалған ит тұқымдарының арасында 10-топқа жатады. Стандарттау жөніндегі комиссиямыз бен Ғылыми комиссиямыз ұзақ рәсімдер мен зерттеулерден кейін Бас комитетке осы тұқымды тіркеуді ұсынды. Құттықтаймын!

Қазақы ит тұқымдарын сақтау, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейде таныту мәселесі Мемлекет басшысының тапсырмасымен көтерілді. 2022 жылдан бастап осы бағытта елеулі жұмыс атқарылды.

Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтар одағының президенті:

Ауқымды медициналық зерттеу өткізілді. Астана қаласында соңғы өткен монотұқымды көрмеде арнайы комиссияны қабылдап, тазыларды бағалауға, зерттеуге мүмкіндік туғыздық. Нәтижесінде осындай жетістікке жетіп отырмыз.

Бүгінгі шешім – қазақы тазы тұқымын халықаралық деңгейде толық мойындау алдындағы негізгі әрі соңғы кезең. Ендігі кезекте Қазақстанда асыл тұқымды тазылардың санын көбейту қажет.

Тамаш Яккель, Халықаралық кинологиялық федерация президенті:

Алдағы уақытта сіздерді кемі 10 жылдық жұмыс күтіп тұр. Иттердің денсаулығына көптеген тестілер жасалып, жаңадан туған тазы күшіктерінің статистикасы жүргізіледі. Осылайша Халықаралық кинологиялық федерация Қазақстандағы тазы тұқымының жүйелі дамуын бақылап отырады.

Халықаралық мамандар алдын ала мойындалған бұл иттерді енді көбейтумен қоса, әлем бойынша өтетін кинологиялық көрмелер мен жарыстарға қатыстыру қажет. Қазақы тазыны төрткүл дүниеге таныту керек.


Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу