Паралимпиадаға шолу: Қоржынымызда әзірге бір күміс жүлде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Паралимпиадаға шолу: Қоржынымызда әзірге бір күміс жүлде

04.09.2024

Париж төріндегі Паралимпиада бел ортасынан асты. Қоржынымызда әзірге бір күміс жүлде. Бүгін Қазақстан құрамасы сапынан алғашқы болып ардагер спортшымыз Зульфия Габидуллина жарыс жолына шыққан.

Ля дэфенс Аренада бүгін ине шаншар жер жоқ. Көрермен әсіресе су спорты түрлерін асқан қызығушылықпен тамашалауда. Бүгін біз де Рио Паралимпиадасының чемпионы Зульфия Габидуллинаға жанкүйер болдық. Тәжірибелі отандасымыз 50 метрге брасс әдісімен жүзудің іріктеу кезеңінде 1 минут 12,07 секунд нәтижесін тіркеді. Өкініштісі, жарысты 10-болып аяқтаған отандасымыз финалға өте алмады. Зульфия енді 6-қыркүйекте өзінің үздік бағдарламасы – 50 метрге еркін стильде жүзуде жүлдеге таласады.

Зульфия Габидуллина, пара жүзуден Қазақстан құрамасының мүшесі:

Өнерім көңілімнен шықты. Бассейн де, су да бәрі керемет. Бапкердің алдында қойған мақсатты орындадым. Мен 50 метрге еркін стильде жүзу бағдарламасында өзімді жақсы сезінем. 6-қыркүйекте барымды саламын.

Жарыстың кешкі сессиясында Қазақстан құрамасы үшін пара пауэрлифинг бәсекесі басталады. «Порт-де-ла-Шапель» кешенінде Токио Паралимпиадасының чемпионы Давид Дегтерев және бұрымды зілтеміршіміз Тұрсынай Қабыл жүлдеге таласады. Ядро лақтыруда Дастан Мұқашбеков өз бағын сынайды. Ал, отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан құрамасы Бразилия командасымен 5-орынды өзара сарапқа салады.


Азат Қадірбек


Хабарламаларға жазылу