Ақтөбе облысында оқушылар төбелесіп, бір бала қайтыс болды. Оқиға 2 қыркүйекте Темір ауданына қарасты Қопа ауылында болған.
Балалар сабақтан тыс уақытта, яғни кешкі мезгілде жанжалдасып, арты қайғылы жағдаймен аяқталған. Аудандық полиция бөлімі кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады. Төбелеске қатысқандардан жауап алынған. Күдіктілерге қатысты тергеу амалы басталды.
Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық полиция Департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
Жанжалдың барлық қатысушылары анықталып, полицияға жеткізілді. Екі күдікті ұсталды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде. Өзге де ақпараттар тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.
Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, төбелескен оқушылардың барлығы тәрбиелі отбасынан. Жанжалға не себеп болғаны әзірге белгісіз. Ауыл мектебінде тәртіп пен қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Сондай-ақ білім саласына жауаптылар оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін арнайы жоспар құрып жатқанын жеткізді.
Нұргүл Бертілеуова, Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
Осы оқиға бойынша зерделеу жүргізу үшін Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары бастаған жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамына облыстағы бала құқықтары жөніндегі арнайы уәкіл де енгізілді. Жұмыс тобының қорытындысы шығарылғаннан кейін қосымша хабарланатын болады.
Жақсыбек Кемал