Мәжілісте салық пен бюджетке қатысты қаулы жобалары мақұлданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілісте салық пен бюджетке қатысты қаулы жобалары мақұлданды

04.09.2024

Елімізде келесі жылы бюджет тапшылығы төрт триллион теңгеден асып кетуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында айтылды. Каникулдан оралған депутаттар 8 қаулы мен 2 заң жобасын қарап, мақұлдады. Олардың арасында Салық кодексі бойынша қорытынды әзірлеу және салық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулылар бар. Баяндамашы депутаттың айтуынша, құжатты талқылап, әзірлеу кезінде мынадай бастамалар іске аспақ. Салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдердің саны қысқарады. Әрі салық режимдері оңтайландырылып, жеңілдіктерге талдау жүргізілмек.

Татьяна Савельева, Мәжіліс депутаты:

Сондай-ақ салық саласында әкімшілендіруді жетілдіруге қатысты жұмыстар жүреді. Бұл мемлекет басшысының жолдауда берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Мәжіліс комитеті бұл заң жобаларын талқылауға алып, олар бойынша қорытынды әзірлеуге дайын.

Бұдан бөлек Ұлттық қордан трансферт және 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы құжаттар да ратификацияланды. Татьяна Савельеваның айтуынша, келер жылы бюджетке 21 триллион 700 миллиард теңгеден астам қаржы түседі деп жоспарланған. Ал шығыс әлдеқайда көбірек. 25 триллон 800 миллиард теңге. Яғни бюджет тапшылығы 4 триллион теңгеден асады деп күтіліп отыр. Ал Ұлттық қордан аударылатын қаржы 5 триллион теңгеден асады.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу