Алдағы төрт жылда әуе кеңістігі арқылы тасымалданатын жүк көлемін екі есе ұлғайту қажет. Президент өз жолдауында осындай тапсырма берді. Бүгінгі күні әуе хабтары арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады. Мәселен Қарағанды әуежайы мультимодульді аэрохабқа айналуы тиіс. Жаңа инвестор келген соң «Сарыарқа» әуежайы жүк тасымалын күшейтті. Қазірдің өзінде әуе айлағы Эквадордан, Бельгиядан және Нидерландтан жүк рейстерін қабылдап, Қазақстан мен ТМД елдеріне жіберіп жатыр. Мамандардың алдын ала есептеуі бойынша мұндай әуежай бюджетке жылына 135 миллион доллар шамасында пайда әкеледі.
Қазыбек Мақышов, Қарағанды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
Әуежайдың инфоқұрылымын дамыту, ұшу-қону жолағын жөндеу, жолаушылар терминалын жөндеу жұмыстарын жүргізу, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша шаралар жоспарлануда. Әуежайда жылына 15 мың тонна жүк жеткізілетін болса, бұл көрсеткішті 200 мың тоннаға жеткізу көзделген.
Жандос Бақытұлы