Атом электр станциясын салу мемлекеттің өркендеуіне, ғылыми-техникалық, энергетикалық дамуы үшін қажет дейді сала сарапшылары. Бұл туралы Алматыда жас ғалымдармен өткен кездесуде айтылды.
Іс-шараға атом саласының жетекші мамандары, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Дөңгелек үстелде АЭС-тің қауіпсіздігі, ядролық қалдықтарды басқару, бейбіт атом энергиясын пайдаланудың экономикалық орындылығы, сондай-ақ кадр даярлау мәселелері қозғалды. Осы ретте физика-математика ғылымдарының докторы Медеу Әбішев «АЭС- жоғары технологиялық қондырғы, оны салу көп салаға серпін береді» дейді.
Медеу Әбішев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:
Бізде ядролық физика институты бар. Одан кейін, біздің жетекші университеттер бәрі осы ядролық физика саласында ғылыми зерттеулер жүргізеді және бүкіл дүниежүзінің ядро-физикалық орталықтарымен қатынас орнатып, тәжірибе алмасуға, жас мамандарды тағылымдама алуға жібереміз.
Осы ретте сала сарапшысы Саябек Сахиев «АЭС- энергия өндірудің сенімді көзі» дейді. Кездесу барысында жетекші мамандар жас ғалымдардың сұрақтарына жауап беріп, талқылау өткізді.
Саябек Сахиев, «Ядролық физика институты» РМК Бас директоры:
Радиациялық қауіпсіздік біріншіден. Одан кейін, кадрлық жағы қандай деген сұрақ қойып жатыр. Үшіншіден, болашағы қандай? Осы екі АЭС-пен шектеліп қалмаймыз ба? Жоқ, әлде оның арғы жағында не бар. Жас ғалым болғаннан кейін болашақтың сұрақтарын қойып жатыр. Ғылым болашақтың алдында жүруі керек.
Айдана Қуантхан