«Демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол, инфақұрылымы бар әуежайлар салу керек». Енді Қатонқарағай, Зайсан, Кендірлі өңірлерінде жаңа әуежайлар бой көтермек. Ал Алакөл ауданы мен Балқаш қаласында ескі нысандар жаңғыртылды.
Мамыр айында Балқаш қаласының әуежайын жөндеу жұмыстары басталып, ұшу жолағы мен перрондар жаңартылды. Жоба құны 3 миллиард теңгеден асады. Құрылыс жұмыстары толық біткен соң әуежайда жаңа бағыттар бойынша әуе рейстері ашылады.
Мейрамбек Мырзахметов, Балқаш әуежайының директоры:
Жылдың аяғына дейін 18 мың жолаушы ұшатын болса, келесі жылы осы күрделі жөндеу өткізілген соң 60 мыңға дейін жолаушыларды тасымалдаймыз. Көп бағыттар ашылады. Субсидияланған рейстер қосылады.
Соңғы 3 жылда Балқашқа келетін туристер саны 30 пайызға артқан. Осыған байланысты жан-жақты туристік кластерді дамытуға басымдық берілуде. Мәселен, көл жағалауындағы 120 гектар жер белгіленген. Ол демалыс орнын ашуға ниетті кәсіпкерлерге үлестіріледі.
Еркебұлан Қамаубаев, Балқаш қаласы әкімдігі туризм секторының меңгерушісі:
Кәсіпкер демалыс орнын салатын болса, 10 пайызы субсидияланатын болады. Бұған қоса транспорт алса, мысалы автобус, үкімет тарапынан 25 пайызы субсидияланады. Егер кәсіпкер демалыс орнына санитарлық тораптар алса, біреуіне 83 мың теңгеден субсидия беріледі.
Жандос Бақытұлы