Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі бастамалары оның бұған дейінгі Жолдауларынан және сайлау алдындағы бағдарламасынан бастау алған реформаларды одан әрі дамытуға арналды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президенттің Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікір білдірді.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
Мемлекет басшысы өз сөзінде азаматтардың тұрмысын жақсартуды көздейтін жүйелі экономикалық өзгерістерге баса назар аударды. Президент атап өткен барлық тоғыз басымдық мемлекеттік саясатты дәл осы міндетті орындауға жұмылдырады. Жолдауда жүзге жуық түрлі бастамалар, ұстыныстар және тапсырмалар бар. Мысалы, салық жүйесін мұқият ойластыра отырып қайта жүктеу, шағын және орта бизнесті қолдауға арналған шаралар топтамасын оңтайландыру, ауыл шаруашылығы өнеркәсібі үшін қолжетімді несие беру, әділ әрі тиімді тариф саясатын жүргізу, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, білікті мамандар даярлау, жасанды интеллектіні дамыту және жаппай цифрландыру, азаматтардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету сияқты басымдықтарды айырықша атап өтеуге болады. Президент қоғамда бір жыл бойы талқыланып жатқан Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты референдумды өткізу күнін белгіледі. Бұл референдум – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының және Әділетті Қазақстан идеясының жүзеге асырылып жатқанының тағы бір айқын дәлелі», - деді Мемлекеттік кеңесші.
Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтайдың аймақтардан келген мүшелерімен кездесті
Мемлекеттік кеңесші өңірлердегі қоғамдық кеңестерге кіретін Ұлттық құрылтай мүшелерімен кездесті. Басқосуда Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың қызметі аясында Мемлекет басшысы көтерген маңызды бастамалардың жүзеге асу барысына тоқталды. Соның ішінде әйелдер мен балалардың құқын қорғауға, вейптерге тыйым салуға, лудоманияға, вандализмге қарсы күреске қатысты заңдардың қабылдануы мен басқа да өзекті мәселелерді атап өтті. Мемлекеттік кеңесші Президент тапсырмасымен Біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленіп, мектептердегі оқу бағдарламаларына жаппай енгізілетінін айтты. Сондай-ақ Ерлан Қарин азаматтық институттарды, әсіресе өңірлерде дамытудың маңызды екенін атап өтті. Кездесуде Ұлттық құрылтай мүшелері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы айтылған бастамаларға қолдау білдірді. Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші алдағы уақытта Ұлттық құрылтай мүшелерімен тағы да бірқатар кездесу өтетінін айтты.
Шерхан Жамбылұлы