Демалыстан оралған депутаттар жұмысқа кірісті. Аймақтарды аралап келген Парламент өкілдерінің жоспары көп. Әскери сала бойынша 6 жаңа заң қабылданады. Спорт саласында үлкен өзгерістер болады. Сондай-ақ тасқыннан зардап шегіп, әлі күнге өтемақы ала алмай жүргендердің мәселесі Парламентте көтеріледі. Үшінші сессияның ашылуына қатысып, депуттардың алдағы жоспарын біліп қайтқан тілшіміз Нұрсұлтан Тілектестің бейнематериалы.
Қос палатаның бірлескен отырысы әдетте Парламент ғимаратында болатын. Бірақ биыл алғаш рет Үкімет үйінде өтті. Өйткені мұнда Парламент палаталарының бірлескен отырысына арналған жаңа зал ашылды.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов аймақтарды аралап, бұқараның арызын жинай келіпті.
Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Оның бастысы Алматы қаласындағы мәдени ошақтарға қатысты үлкен проблемалар бар. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториядан бастап «Қазақфильмімізге дейін» Шәкен Айманов атамыздың көзі ғой үлкен. Сол жердің бәрінде үлкен проблемалар бар. Тіпті, қарапайым азаматтардың арыздарын қабылдамай, жеке басына қысым көрсеткен. Ондай да проблемалар бар. Сонымен айналысу керек.
Ал, депутат Айдос Сарым ел шекарасын шарлап, әскерилердің жай-күйімен танысқан. Оның айтуынша, 14 мың шақырымға созылып жатқан ел шекарасын қазір 40 мың әскер күзетеді. Бұл өте аз, сондықтан алдағы уақытта резерв мәселесі шешілуі керек.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біз осы жылдан бастап заңнамаға көптеген өзгерістер енгізейін деп жатырмыз. Қазақстанның тарихында алғаш рет жылдың аяғына дейін 6 заң тек әскери салада қабылданатын болады. Аймақтық қорғаныс, резервтегі қызмет, әскери патриоттық тәрбие деген сияқты.
Депутаттардың айтуынша, көктемдегі алапат тасқыннан зардап шеккендердің мәселесі әлі толық шешілмеген. Мәселен, БҚО-дағы саяжай тұрғындарының арасында өтемақысын ала алмай жүргендер көп.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мәселе былай, саяжайларынан азаматтар айырылған, бірақ олардың мәселен облыс орталығынан 500-600 шақырым жерде Ордада, Жәнібекте әке-шешесінен немесе өздерінің атындағы үйі бар. Бірақ саяжайды қалыпқа келтірейік дегенде оның шалғайдағы баспанасы шығып тұрады. Бірақ, ол жалғыз баспана емес деп көмек берілмейді. Біраз азаматқа көмек берілді, енді қалған азаматтарға көмек беру мәселесі қарастырылып жатыр.
Бірер күннен кейін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Жоғарыда айтқан мәселелер сол жиында көтеріліп, депутаттық сауалдар жолдана бастайды.
Биыл яғни, үшінші сессияда депутаттар бірқатар өзекті мәселені қаузамақ. Нақтырақ айтсақ, олар әлеуметтік, білім беру, спорт және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сынды салаларға басымдық беруді көздейді.
Нұрсұлтан Тілектес