Алматыда 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді

02.09.2024

Алматы облысында 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Халықаралық стандарттарға сай бой көтерген оқу ордасында шәкірттердің білім алуына және өзін дамытуына барлық жағдай жасалған. Нысан «Beeline Kazakhstan» компаниясының «Жылы жүрек» корпоративтік қайырымдылық қорының қаржысына салынған. Мектептің жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден асады.

Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы мектептің ашылуына «Beeline Kazakhstan» компаниясының өкілдері, облыс басшысы және өңірден шыққан бір топ ғалым қатысты. Білім ошағына белгілі академик, халықаралық Қазақ тілі қоғамының негізін қалаушы Әбдуали Қайдардың есімі берілген. Қордың негізгі мақсаты – ауыл балаларының сапалы білім алуына мүмкіндік жасау, қолдау көрсету, - дейді қор басшысы.

Анар Жұмағұлова, «Жылы жүрек» корпоративтік қорының директоры:

Білім беру үшін, заманауи білім беру үшін соған қолдау көрсетеміз деп осындай мектеп салдық. 1-2 жыл бұрын 2 млрд теңгені 8 ауыл мектептерінде. Мектеп салған жоқпыз. Бірақ сол мектептерге жаңа құрылғылар әкеліп, жаңарттық мектептерді. Тек қана қаланың балалары емес, ауылдың да балаларына осындай мүмкіндік болуы керек.

Үш қабатты зәулім мектепте робототехника, түрлі зертханалар, фотостудия, дизайн кабинеттері қарастырылған. Екі спорт зал, кітапхана мен асхана да заман талабына сай. Инклюзивті білім алатын балалар үшін жеделсаты мен пандус орнатылған.

Өте қуаныштымыз. Жаңа мектепке бірінші рет қадам аттап жатырмыз.  Өте керемет мектеп.
Ауыл балаларына осындай мүмкіндік беріп жатқанына. Себебі, өздеріңіз көріп тұрсыздар заманауи, талапқа сай мектеп. Балалардың болашағына үлкен үлесін қосады.

«Beeline Kazakhstan» су жаңа нысанды Алматы облысы әкімдігінің меншігіне өткізіп берген. Алдағы уақытта да білім ордасына қолдау көрсетуді жалғастыра береміз, - дейді компания өкілі. Айта кетсек, жаңа оқу жылында қарсаңында өңірде 4400 бала тәлім алатын 4 жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу