Көршілес Өзбекстан тәуелсіздік күні мерекесін тойлап жатыр. 1 қыркүйек күні егемендік алғанына 33 жыл толған бауырлас елдің халқы мейрамның құрметіне 4 күн демалады. Ел президенті Шавкат Мирзиёев халықты осынау айтулы күнмен құттықтады.Тәуелсіздіктің арқасында өзбек елі әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алғанын атап өтті.
«Жаңа Өзбекстан» саябағындағы салтанатты жиын көңілді нотамен басталды. Париж олимпиадасында толағай табысқа жеткен спортшылардың жеңісі де мерекеге тарту іспетті. Ел алдына шыққан Президент барша жұртқа жоғары құрмет пен ізгі тілегін білдірді. Ұлттық тәуелсіздіктің баға жетпес сый екенін айтып, тарихи маңызына тоқталды. Өнерпаздар шырқаған әсем ән- би жиналғандарға тамаша көңіл күй сыйлады.
Соңғы жылдары көрші елде Жаңа Өзбекстан құру жолында орасан зор қадамдар жасалды. Көптеген салада оң реформалар жүзеге асып келеді. Бүгінде Өзбекстан әлемдік қауымдастықтан лайықты орнын алған. Халқы 38 млн-нан асқан оңтүстік көршімізде адамның мүддесі мен қадір-қасиеті алғашқы орында. Тарихи жерлерді көздің қарашығындай сақтап, дүниежүзінен туристер тартуда ауыз толтырып айтарлықтай оң істер баршылық
Людмила, саяхатшы /Ресей/:
Ташкентке алғаш рет келуім. Маған керемет ұнады, дәл мереке күндеріне тап келгеніме аса қуаныштымын. Ауа райы тамаша, халқы қонақжай. Ұлттық тағамдары тіл үйіреді. Енді жиі келіп тұрамын.
Күмру Салихова:
Қазақстанның Тұрбат ауылынан келіп отырмын, барша халықты мерекемен құттықтаймын. Әрдайым тыныштық пен бейбіт заман болсын. Бүгінгідей айтулы күнде немерелерімді ойнатып, әсем саябақта қыдырып жүрміз. Осындай бақытты сәттер көп болсын.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық-мәдени байланыстың тамыры тереңде жатыр. Көрші ел біздің негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Екі елдің өзара экономикалық ынтымағы «Еркін сауда» режимінде жүзеге асып келеді. Соңғы 7 жылда сауда-саттық көлемі 4,5 миллиард долларға жеткен. Келешекте 10 миллиард долларға дейін арттыру жоспары бар.
Базаркүл Отыншиева